Бүгін облыс әкімі Серікбай Трұмов Ақтауда салынып жатқан жол құрылыстарын аралап шықты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Алдымен «Ақтау-әуежай» тас жолының құрылысын көрді. Бүгінде онда жолды кеңейту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Жобаға сәйкес, жаңа жол төрт жолақты болады. Құрылыс жұмыстары қаладан әуежайға баратын трассаның 5 шақырымынан бастап 43-ші шақырымына дейін жүргізіледі. Жоба келесі айда толық аяқталып, пайдалануға берілмек.
Сондай-ақ, С.Трұмов Ақтау қаласында туристік нысандарды дамыту аясында қайта құрылымдау жұмыстары жүріп жатқан "Хонда" орталығынан бастап Өмірзақ ауылының "Т" тәрізді қиылысына дейінгі жаңа жолдың құрылысымен танысты. Бүгінде аталған жолдың 90% аяқталған. Автомобиль жолының ұзындығы - 4,3 шақырым. Жол 2 жолақтан 4 жолаққа кеңейтіліп, жаяу жүргіншілер жолы мен веложолдар салынуда. Жоба қыркүйек айында толық аяқталып, қолданысқа берілмек.
"Құрылысшылар күні" мерекесі қарсаңында С.Трұмов осы жол төсеуге атсалысып жүрген құрылыс саласының қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтап, жыл ішінде еңбекте озат, кәсіпте табыстылығымен көзге түскен бір топ азаматты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің құрмет грамотасымен, алғыс хаттарымен марапаттады. Министрліктің "Құрметті жолшы" төс белгісін Жантас Молдабаевқа тақты. Ал, М. Нұрғазиев, Ж. Ревшанов, А. Орынбаев, Е. Отаров министрліктің құрмет грамотасымен марапатталса Е. Қамысбаев пен С. Ибрагимовке алғыс хаттар табысталды.
Жиында сөз алған өңір басшысы құрылысшылардың қызу еңбегінің арқасында Маңғыстау өңірінде тұрғын үй құрылысы, жол құрылысы ерекше қарқынмен дамып, ауыз толтырып айтарлықтай қомақты табыстарға қолжеткізгендігін атап өтті.
«Жыл сайын кәрі Каспий жағалауымен жапсарлас бой түзеген ақмаржан Ақтау келбеті көркейіп, жолдар жаңарып жатыр. Осы орайда қызу еңбектің бел ортасында тер төгіп жүрген саланың «сайыпқырандарына» құрылыс саласын ілгерлету ісін тың серпінмен алға сүйреп, өңір экономикасының дамуына қосқан лайықты үлестеріңіз үшін алғысымыз шексіз», - деп өзінің жылы лебізін білдірді.
Соңғы жылдары облыста құрылыс жұмыстары жеке тұрғын үй құрылысымен қатар мемлекеттік бағдарламалар арқылы қарқынды іске асырылып жатыр. Былтыр аймақта 1,2 млн. шаршы метр үй қолданысқа берілсе, биыл да сол меже орындалмақ.
Сонымен қатар, жол құрылысы мамандарының күшімен биыл Маңғыстауда 245 шақырымды қамтитын облыстық және аудандық маңыздағы 17 жоба іске асырылып жатыр.