Түпқараған ауданында орналасқан "Ақтау-Агро" кәсіпорнына тиесілі "Каспий құс" фабрикасы "QMDB HALAL" сертификатына ие болды. Сертификатты "Халал Даму" директоры Айбек Асқарбекұлы және МО бас имамы Әнуар Ізімбайұлы, "Халал Дамудың" жергілікті инспектор-контролер маманы Айтқожаев Мәжит табыстады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бройлер тауықтарды өндіретін кәсіпорын биыл көктемде іске қосылған. Қазір жергілікті сауда орындарында «Каспий құс» сауда белгісімен шығарылатын өнімдердің алғашқы партиясы сатылымға шығарылды.
Құс фабрикасы облыс халқының тауық еті өнімдеріне қажеттілігінің 50 пайызын қамтамасыз етеді деп күтілуде. Маңғыстау облысы жылына орта есеппен 11,5 мың тонна тауық етін тұтынады, ал осы уақытқа дейін бұл өнім импортқа тәуелді болып келген. Жаңа құс фабрикасының қуаттылығы жылына 5 мың тоннаға жуық тауық еті деп жоспарланып отыр.
"Ақтау-Агро" кешені 3 үлкен алаңнан тұрады. Олар: инкубатор, 30 мың басқа арналған 16 құс қорасы, ғылыми зертхана мен ветеринарлық пост бар. Құс фабрикасында сағатына 8000 мың бас тауық сойылады.
"Ақтау-Агро" құс фабрикасының өндірісі мен дайын өнімдері "Халал Дамудың" білікті мамандары тарапынан толықтай тексеріліп, нәтижесінде, аталған кәсіпорын "Мал бауыздау және ет өңдеу", "Халал өнімдерді өндіруге, өңдеуге, дайындауға, сақтауға тасымалдауға және сатуға қойылған жалпы талаптар стандартына" сай деп танылды", – деді Айбек Асқарбекұлы.