Бүгін Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінде ҚМДБ-ның 2000-2013 жылдар аралығындағы бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлінің рухына Құран бағышталды.
Қазақстан мұсылмандары қара жамылды. Кеше ҚР ҰҒА академигі, көрнекті шығыстанушы ғалым – Әбсаттар қажы Бағысбайұлы дүниеден өтті. Әбсаттар қажының қазасына байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтан бөлек, алыс-жақын мемлекеттердің Діни басқармаларының бас мүфтилері көңіл айтты.
ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы көңіл айту хатында: «Ғұмырын ғылым мен білімге, діни ағарту саласына арнаған Әбсаттар қажы Бағысбайұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын басқарған 10 жылдан астам уақыт аралығында мүфтияттың оқу-ағарту саласын жаңа деңгейге көтерді. Оның қаламынан туған ғылыми еңбектер мен ғибратты шығармалар өз оқырмандарын ізгілік пен ізденіске, имандылық пен адамгершілікке үндей беретіні сөзсіз», деп ұстазының қайраткерлігіне, ерен еңбегіне жоғары баға берді.
Осы жағдайға байланысты Маңғыстау жұрты да ғалым, кемеңгер ұстазды жоқтап, қайғыруда. Облыстық орталық «Бекет ата» мешітінде барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, санаулы адамның қатысуымен өткен еске алу іс-шарасына облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Құдайбергенұлы, абыз ақсақал Лепес қажы Қосмағанбетұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Саламат Нұрұлы, «Маңғыстау-Медиа» журналисі Кенжебек Сержанұлы қатысып, ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлы қасиетті Құран аяттарын оқып, сауабын марқұм Әбсаттар қажы Дербісәлі хазіреттің рухына бағыштады.
Маңғыстау өңірінің ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері, дін қызметкерлері, ел азаматтары марқұмның отбасына, ағайын-тумасына көңіл айтып, қайғысын бөліседі.