Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов қауіпті індет - коронавирус пен пневмонияның күн сайын өсіп бара жатқанына алаңдап, өңір тұрғындарын карантин талаптарын қатаң сақтануға шақырды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ардақты ағайын, құрметті жерлестер!
Бүгінгідей еліміз үшін аса қауіпті болып отырған сын сәтте сіздерге арнайы үн қатып отырмын. Жағдай өте күрделі. Тұрғындар арасында науқастардың саны артып, ауруханаларға түсіп жатқандар өте көп. Соңғы тәулікте өңірде қауіпті індетті жұқтырғандар саны 208-ге жетті.
Облыстағы ауруханаларға бір күннің ішінде 72 науқас түсіп отыр. Соңғы мәліметтерге сәйкес, бүгінде дәл осы диагнозбен 506 адам ем қабылдауда. Олардың 31 ауыр, 12 өте ауыр халде жатыр. Ауруханаларымыз толуға жақын. Өкінішке қарай бұл коронавирустан көз жұмғандар саны да көбейіп барады. Шілде айы басталғалы екі апта ішінде 34 адам қайтыс болды. Бірі асқар таудай әкесінен, аяулы анасынан, енді бірі бауыр еті баласынан айырылып, қара жамылып жатыр.
Жағдайдың күрделілігін ескере отырып, баршаңызды санитарлық талаптарды қатаң сақтауға шақырамын. Былтырдан бері жүздеген жанды жалмаған індеттің бетін қайтаруға бірлесе атсалыспасақ, дәрігерлердің көмегімен ауыздықтау мүмкін болмай отыр. Елдің, жақындарыңыздың амандығы үшін той, садақа жасауды, көпшілікті жинауды уақытша тоқтатуларыңызды сұраймын. Әрбір адам жауапкершілікті терең сезінбейінше, қауіп сейілмейді.
Түсіністік пен сабырлық танытып, дәрігерлерімізге демеу болайық, жерлестер! Ауызбіршілікте болып, жұмыла тірлік қылсақ ғана қиындықты еңсеріп, қауіптен тез құтыламыз. Сақтанайық ағайын, аман болайық!
Құрметпен, Маңғыстау облысының әкімі С.Трұмов