Маңғыстау ауданында жергілікті кәсіпкерлер шөп шауып, ауыл-аймақты шөппен қамтуды қолға алды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Мәселен, Ақшымыраудан 120 шақырымда орналасқан Жұмыртқалы жерінен шөп шауып жатқан екі бригада 15 күннің ішінде 43 тонна шөп шапқан. Былтырдан қалған қамба шөпті шауып, ауылға тасып жатқан жергілікті кәсіпкерлер Нұржаубай Нұрбеков мен ағайынды Мұстафиндер әкімдікпен меморондум аясында шөп бағасын 700 теңгеден асырмай отыр. Шөп шабушылардың айтуынша, әзірге Ақшымырау ауылына тасып жатыр, бірер күнде көршілес Қызан ауылына да апармақ.
Қолындағы азғантай малын қорада жемдеп отырғандардың бірі Орал Шалабаевтың айтуынша кәсіпкерлердің бұл әрекеті мал баққан ағайынға көп көмек.
Жалпы, Маңғыстау ауданы бойынша 14 кәсіпкерге шөп шабу үшін жер берілген, қазір бесеуі бастап кетті. Манаш Қыдырқожа мен Қайрат Салықов Үстірттің Бөрібас жерінен шабылған шөпті Шетпе, Басқұдық, Онды ауылдарына 900 теңгеден сатып жатыр. Ал Тасорпа беттегі Жұмыртқалы жерінен жергілікті кәсіпкерлер шапқан шөп Ақшымырау, Қызан ауылдарына 700 теңгеден сатылуда.
Қуатбай Оралбаев Мыңкісі әулие маңына шалғы салып, Шебір, Тұщықұдық ауылдарын шөппен қамтымақ. Баға 700-900 теңге аралығында болмақ. Сондай-ақ, Ақтөбенің Қобда ауданындағы кешендермен келіссөздер жүріп, «Каспий» ӘКК арқылы шөп әкелініп жатыр және жыл аяғына дейін жеткізіліп тұрмақ, делінген Маңғыстау ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.