Маңғыстауда соңғы аптада коронавирус инфекциясынан 8 адам көз жұмып, 1 000-ға жуық адам індет жұқтырды. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Маңғыстау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ғазиз Надуев айтты.
Оның айтуынша, өңірде аурудың күрт өсуі 22 маусымнан басталды. 2-9 шілде аралығында коронавирус инфекциясының 976 жағдайы тіркелді.
«Инфекцияның күрт өсуіне бірқатар себеп бар. Қазір Қазақстанның барлық аймағында дельта штаммы анықталды. Сонымен қатар, тұрғындар әлі де болса түрлі жиындарға, мерекелік шараларға қатысады. Сәйкесінше, бетперде тағу, әлеуметтік ара қашықтықты сақтау, қол гигиенасы сияқты карантиндік талаптар сақталмайды. Айта кетейік, Маңғыстауда халықты екпемен қамту көрсеткіші де төмен болып отыр. Осы аталған себептермен күресу қажет. Азаматтарды эпидемиологиялық ахуалға салмақты қарап, вакцинаның маңыздылығын түсінуге шақырамын», - деді Ғазиз Надуев.