«Дарындылар пулы» кадрлық резервіне іріктеу аяқталды. Іріктеу кезеңіне еліміз бойынша барлығы 353 үміткер жолдама алған болатын, соның ішінде 9 маңғыстаулық маман іріктеуден өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
"Азаматтарға арналған үкіметтің" кадр резервіне іріктеу биыл 1 наурызда басталып, 30 сәуірде аяқталды. 1-10 наурыз аралығында қатысуға өтінімдер қабылданды. Тіркеуден өткен қатысушылардан 1 873 өтінім келіп түсті. Президенттік кадр резервінің тәжірибесін ескере отырып, үміткерлер бірнеше кезеңнен тұратын іріктеуден өтті. Олар тест тапсырып, сарапшылармен сұхбаттасты. «Дарындылар пулы» жобасын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қолдап, кез келген қазақстандық қатысуға мүмкіндік алды.
Жобаның басты мақсаты – болашағынан үміт күттіретін қызметкерлерді табу, олардың құзыретін дамыту және алдағы уақытта бос басшылық лауазымдарға ұсыну. Қорытынды кезеңде үміткерлерді арнайы комиссия іріктеді, оның құрамында ҚР Парламентінің депутаттары, БАҚ өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, HR-мамандары, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері, Мемлекеттік корпорацияның директорлар кеңесі мен басқармасының мамандары болды.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» ҰАҚ Маңғыстау облыстық филиалы атынан 94 қызметкер өз кандидатурасын ұсынды. Нәтижесінде, 9 маман кадрлық резервке мүше болды. Олардың қатарында филиал директоры Е. Байжігіт, директордың орынбасарлары А. Байтілеуов, А. Мұзбаев, Е. Клименко, басқарма жетекшілері А. Сатбергенова, Р. Джакипова, Бейнеу аудандық халыққа қызмет көрсету бөлімінің жетекшісі А. Меденова, бөлім маманы А. Марқабаева және Ұлан Нұрлыбаев бар.