Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Гүлмира Қалмұратованың төрағалығымен коранавирустық инфекцияның алдын алу бойынша жұмыс тобы Жетібай ауылы мен Жаңаөзен қаласына барды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жұмыс тобының құрамында Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары А. Жұмыров, облыстық аурухананың бас эпидемиологы М. Қадыр, Ақтау қалалық мәслихатының депутаты У. Ерсайын, облыстық «Адалдық алаң» өкілдері және қоғам белсенділері бар.
Жұмыс тобы Жетібайдағы емхананың жай-күйімен танысып, дәрігерлермен сөйлесті. Коронавирусқа қарсы екпе егетін процедуралық кабинеттің жұмысын көрді. Бүгінгі таңда Жетібай мен Мұнайшы ауылында 20 мыңға жуық тұрғын бар. Оларға 3 емхана қызмет көрсетіп отыр. Олардың бірі – мемлекеттік қалған екеуі жекеменшік. Бүгінде екі ауылдың тұрғындары Жетібай ауылдық емханасындағы арнайы кабинеттен вакцина алуға мүмкіндік жасалған. Дегенмен Гүлмира Мұратқызы бүгінге дейін 2 жекеменшік емханада вакцина кабинетін ашпаған басшылардың жұмысын сынады. Сондай-ақ, облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері мамандар вакцинаны сақтау, егу ережелерін пысықтады. Сондай-ақ, жұмыс тобының өкілдері Жетібай ауылындағы ұстаздар қауымымен кездесті. Мамандар әлем халқын дүр сілкіндірген коронавирус инфекциясынан сақтанудың бірден бір жолы – вакцина алу екендігін қадап айтты.
«Вакцинацияны жаппай жүргізудің нәтижесінде бірқатар елде эпидемиологиялық ахуал тұрақталған. Мәселен, карантин режимі тоқтатылып, маскасыз жүруге рұқсат берілді. Коронавирус індетінен бізді тек екпе ғана қорғай алады. Бұл ғылыми дәлелденген. Науқастар, сөзсіз, көп адаммен байланыста болды. Осы орайда қауіпті індетті таратпау маңызды. Ал бұл үшін екпе алып, ұжымдық иммунитет қалыптастыру қажет. Қазір қолданысқа беріліп жатқан нормативтік құжаттарға сай, вакцинаның екі компонентін алған адам ПТР тестісіз, әлем бойынша емін-еркін қозғала алады», - деді ол.
Бұдан бөлек, жедел жәрдем станциясының қызметкерлерімен кездесті. Жиын барысында қауіпті дертпен күресте алдыңғы шепте жүрген қызметкерлердің мәселелері де сөз болды. Бұдан бөлек, жұмысшы тобы Жаңаөзен қаласындағы провизорлық стационарға барды. Дәрі-дәрмек қоры мен медициналық жабдықтар мен медицина қызметкерлерімен тілдесті.
Сондай-ақ, Гүлмира Мұратқызы Жаңаөзендегі мектеп, балабақша ұжымдарымен кездесті. Жиын барысында пандемияны тоқтатудың жалғыз жолы вакцина алу екені айтылды.
Бүгінгі күні Жаңаөзенде 2 285 педагог бар. Оның 1 369-ы екпе алатын топқа жатады.