Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Аманбек Жұмыров айтты.
«Өңірде вакцинация жүргізілгелі облыс бойынша I компонентпен 59 004, II компонентпен 34 224 адам егілді. Дегенмен, Маңғыстау өңірі екпе алудан республика бойынша ең төменгі орында. Қауіпті індеттен қорғанудың бірден-бір жолы вакцинация. Сол себепті халықты вакцинациялау жұмысын қарқынды жүргізу қажет. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары әлі де жалғасады», - деді Аманбек Жұмыров.
Өңірде коронавирус індетіне қарсы екпе жұмыстары белсенді жүргізілуде. Бүгінде облысқа 209 250 доза вакцина жеткізілді. Оның ішінде ресейлік «Sputnik V» вакцинасының I компоненті бойынша 96 150 доза, II компоненті бойынша 57 600 доза бар.
Сондай-ақ «QazVac» екпесінің 4 000 дозасы, «Hayat-Vax» вакцинасының 31 500 дозасы, «CoronаVac» екпесінің 20 000 дозасы әкелінді.