Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің арасында өткен облыс әкімі кубогының жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен 28 маусым – Бұқаралық ақпарат қызметкерлерінің күніне орай футбол мен волейболдан облыс әкімінің кубогына арналған турнир өткізілді.
БАҚ өкілдері арасында өткен спорттық шараға "Маңғыстау", "Жаңаөзен", "Ақтау" телеарнасы, "Маңғыстау Медиа" ЖШС, МО Қоғамдық коммуникация орталығы, "Жолбаян" радиосы және баспасөз хатшыларынан құралған 12 команда қатысып, өзара күш сынасты.
Жарыс нәтижесі бойынша футболдан І орынды "Жаңаөзен" телеарнасының ұжымы иеленсе, жүлделі ІІ орынды "Маңғыстау-Медиа" ұжымынан құралған команда еншіледі. Ал, ІІІ орынды "Ақтау" телеарнасының құрамасы өз қанжығасына байлады.
Ал, қыздар арасында волейболдан 6 сағатқа созылған тартысты бәсекеде "Жаңаөзен" телеарнасының командасы қарсыластарының алдын орап, І орынды қанжығаларына байлады. Жүлделі ІІ орынды "Маңғыстау" телеарнасының құрамасы еншілесе, ІІІ орынды "Маңғыстау-Медиа" ұжымынан құралған команда иеленді.
Турнир жеңімпаздарын облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Аманғали Нұрдәулетов құттықтап, бәсеке соңында жүлдегер командаларға диплом, медаль және облыс әкімінің арнайы кубогын табыстады.
Сондай-ақ, жарыс жеңімпаздарына 28 маусым күні облыс әкімінің қатысуымен өтетін салтанатты жиында жүлделі сертификат табысталады.