ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева тілшілер қауымын 28 мамыр күні атап өтілетін Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Құрметті әріптестер, баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Бұл, тек қана қалам ұстаған журналистердің ғана емес, ақпарат саласында жүрген барлық қызметкерге ортақ мейрам. Бұқаралық ақпарат құралдары мемлекет саясатының маңызды бағыттарының бірі. Себебі, медиа тек ресми ақпарат таратудың құралы емес, ол – ұлттық қауіпсіздік пен идеологияның да өзегі. Мемлекет саясатын түсіндіруге, халық пен билік арасын жалғайтын алтын көпір. Сондықтан, журналистердің қоғам алдындағы азаматтық және әлеуметтік жауапкершілікі өте жоғары», - деді министр.
Сондай-ақ ведомство басшысы Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде ұлттық медиа елімізбен бірге жаңару мен дамудың биік белестерінен өткенін атап өтті.
«Ақпарат саласының мемлекеттік басқару процесіне ықпалы артып келеді. Баспасөзде сауатты көтерілген мәселелер мемлекет сапасын көтеруге септігін тигізіп жүр. Президентіміздің «халық үніне құлақ асатын» қағидасының нәтижелі іске асуында да журналистердің үлесі зор. Әрбір журналистің бүгінгі күнделікті еңбегі арқылы мемлекетіміздің ертеңгі тарихы жазылып жатыр. Сондықтан ақпарат саласын жаңа деңгейге көтеріп, биік талғамды қалыптастырудағы еңбектеріңіз жана берсін.
Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, шығармашылық шалқар шабыт пен толайым табыс тілеймін!», - деді Аида Балаева.