ҚМДБ-ның Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінің Жастар ісі бойынша секторының ұйымдастыруымен, 28 маусым – Бұқаралық ақпарат қызметкерлерінің күніне орай шағын футболдан турнир өтті.
Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлының бастамасымен БАҚ өкілдері арасында өткен спорттық шараға «Маңғыстау» телеарнасы, «Ақтау» телеарнасы, Маңғыстау Медиа, Әкімшілік Медиа, Облыстық орталық «Бекет ата» мешіті және қалалық «Бекет ата» мешітінің командалары қатысып, өзара күш сынасты.
Жарыс нәтижесі бойынша І орынды Нұрлан Үсен бастаған «Маңғыстау» телеарнасының ұжымы иеленсе, ІІ орынды Әнуар Бимағамбет бастаған «Ақтау» телеарнасының ұжымынан құралған команда еншіледі. Ал, ІІІ орынды Мейіржан Отарбайұлы бастаған Маңғыстау Медиа құрамасы қанжығасына байлады. Жеңімпаз командаларға дипломдар және арнайы сыйлықтар табыс етілді.
«БАҚ өкілдерінің кәсіби мерекесіне орай, Маңғыстау облыстық орталық мешітінің ұйытқы болуымен футбол жарысы өтті. Кәсіби футболшы болмасақ та, ойындар өте тартысты, бәсекеге толы болды. Ұйымдастырушы имамдарға алғысымызды білдіреміз», деп айтты «Маңғыстау ТВ» командасының капитаны Нұрлан Үсен.
«Бұндай жарыстар арамыздағы ынтымақтастықты, достықты нығайтуға үлкен септігін тигізеді. Алдағы мерекелерде де, осындай спорттық іс-шаралар көп болсын. Облыстық орталық мешіт ұжымына алғыс айтамыз», деді Маңғыстау Медиа құрамасының капитаны Мейіржан Отарбайұлы.