Ақтау қаласында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында 33 шағынауданда орналасқан 670 пәтерден тұратын 3 тағалы «Аққу-3» тұрғын үй кешенінің 216 пәтері пайдалануға берілді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жаңа 7,9 және 12 қабатты тұрғын үй «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында бой көтерген.
Салтанатты шараға Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Е. Ізбергенов қатысып, баспаналы болған азаматтарды қоныстоймен құттықтады.
«Елімізде қолжетімді баспана мәселесін шешуге айрықша көңіл бөлінуде. Биыл облыс орталығында 86 мың шаршы метр көппәтерлі тұрғын үй салу жоспарланған. Бұл тұрғын үйлер тұрғындарға Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген бағдарламаларға сәйкес «Отбасы» банк арқылы алуға мүмкіндік беріледі. Бүгінгі Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген қоныс тойларыңыз құтты болсын. Шаңырақтарыңыз шаттыққа толы болып, береке-бірлігіміз арта берсін», - деді Ербол Ізбергенов.
«Аққу-3» тұрғын үй кешенінен жаңа пәтерге ие болғандар түрлі санат бойынша Ақтау қаласы әкімдігінде кезекте тұрып, «Отбасы» банк арқылы байқаудан іріктелгендер. Баспаналы болған азаматтар мемлекеттің қолдауына алғыс білдіріп, пәтер бөлмелерін аралап көрді.
Шараға жиналғандар көп балалы Исатаевтар отбасының жаңа шаңыраңында алғаш болып дәм татты.
«Бізге қамқорлық көрсетіп, қолдау білдіргені үшін мемлекетке рахмет, Бүгін біздің отбасымыз үшін қуанышты күн. Ұзақ уақыт пәтер жолдап тұрдық. Баспана мәселесін өз бетімізше шешуге мүмкіндігіміз болмады. Бүгін мемлекеттік бағдарлама арқылы 4 бөлмелі пәтерге ие болдық», - дейді Оралбек Исатаев.
Қазіргі таңда Ақтау қаласында тұрғындарды баспанамен қамту бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Аталған кешеннің 2-тағасы бойынша пәтерлер келер айда пайдалануға берілсе, 1-тағасы жыл соңына дейін табысталу жоспарланған.
Осылайша, мемлекет қолдауының нәтижесінде баспаналы болып, қоныс тойын тойлайтындар саны артпақ.