Бүгін Ақтау қаласында Қазақстан халқы ассамблеясы залында «Бизнес алаң» атты жиын өтті. Мақсат - өңір кәсіпкерлерінің өзара іс-қимылы және іскерлік байланыстар орнату үшін бірыңғай алаң ұйымдастыру. Оған жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, "Бастау бизнес" жобасының түлектері мен қатысушылары, Өңірлік кәсіпкерлер палатасында аккредиттелген қауымдастықтардың мүшелері, өңірде кәсібін өркендеткен және ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер қатысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жиынды Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасы мен Маңғыстау облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасы бірлесіп ұйымдастырды.
Алдымен «Маңғыстауда бизнесті қалай құруға болады?» тақырыбында спикерлер сөз сөйлеп, аймақтың тәжірибелі және жаңадан бастаған кәсіпкерлеріне B2B кездесулері ретінде арнайы бағдарламамен өтті. Сонан соң жәрмеңке ұйымдастырылды. Онда кәсіпкерлер әлеуетті серіктестер мен халыққа өз тауарларын, қызметтерін ұсынды.
Іс-шараға 200-ге жуық адам қатысты, олардың арасында танымал кәсіпкерлер, жаңадан бастаған кәсіпкерлер мен стартаперлер болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, форумның мақсаты - бизнесмендер табыс жолын, ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлермен бөлісіп, тәжірибесін шыңдай алатын алаң құру.
Жиын соңында келушілер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, жауап алуға мүмкіндік туды.