Бұл туралы Ұлттық жол сапа орталығының өкілдері айтты.
Ақтаудағы мекеме басшысы Елтай Таялиевтің сөзінше, биыл қаңтар-мамыр айлары аралығында жолдарда жасалған тексерулердің қорытындысы көз қуантады.
Мәселен, республикалық маңыздағы трассаларда 47 рет бақылау рейді жүргізіліп, 56 сынама алынған. Олардың 20-нан ақаулық табылып, жолдың сол бөлігін жауапты мердігер мекемелерге қызметтік хат жолданыпты. Қысқа мерзімде тегіс жөнделгені жайлы мәлімдемені алып, қайта тексеріп растығына көзжеткізеді.
«Облыстық маңыздағы автокөлік жолдарында 25 рет тексеруге шықтық. Бас-аяғы 4 объект назарға алынды. Алынған 163 сынамалардың барлығы да нормативтік-техникалық құжаттар талаптарына сәйкес келіп тұр. Бұдан бөлек, қалалық маңызға ие жолдардағы 10 нысанда 16 рет рейд жүргізілді. 70 сынамадан біреуі ғана ақау табылып, жергілікті әкімдікке хабарланды. Сол уақытта жөнделді. Жалпы біздің өңірдегі автомобиль жолдарының 95 пайызға жуығының сапасы жақсы деуге болады» - деді Елтай Таялиев.
Спикердің айтуынша, өңірде көлік жолдарын салуға қажетті жол материалдарымен қамтуды мәселе жоқ. Мысалы, батыс Қаратау жоталарынан алынатын щебеньді (қиыршық тас) жергілікті компаниялар тегіс қолданып отыр. Ақтаудағы битум зауыты ішкі нарық сұранысын сапасы жоғары шикі асфальтпен толық қамтып келеді.
Айта кетейік, шалғай өңірдегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 3 мың шақырымды құрайды. Оның ішінде 1 049 шақырымы - республикалық маңызда. 1 028,7 - облыстық және 900 шақырымы - аудандық маңызға ие.