23 маусым Мемлекеттік қызметшілер күніне орай облыс әкімдігінде салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Мерекелік шарада алғаш рет мемлекеттік қызметші атанғандар салтанатты түрде ант қабылдады. Абыройлы міндеттің жауапкершілігін сезініп, мемлекеттік қызметтің табалдырығын аттаған мамандар Отанға адал болып, кәсіби қызмет көрсетуге серт берді.
Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары А.Меңдібаев аймақ басшысының атынан өңіріміздегі барша мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекемен құттықтап, еліміздің өсіп, өркендеу жолында толағай табыс тіледі.
«Мемлекеттік қызмет – халықтың сенімін ақтау, ұлтымыздың абыройын асыру жолындағы жауапты қызмет. Өз еліңе қызмет ету – түсіне білгенге зор бақыт, мерейлі мәртебе. Болашағын осы саламен байланыстырған әрбір азамат өзіне жүктелген жауапкершілікті сезініп, адалдық, әдептілік, қарапайымдылық қағидаттарын берік ұстанып, халықтың сеніміне ие болуы тиіс», - деді А.Меңдібаев.
Салтанатты жиында мемлекеттік қызмет саласында көп жылдар бойы абыройлы қызмет атқарып, өз лауазымдық міндеттерін мүлтіксіз орындаған, жұмыс барысында қол жеткізген табыстары мен жоғарғы көрсеткіштері үшін бірқатар мемлекеттік қызметшілер агенттік Төрағасының грамотасымен, облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталып, «Үздік мемлекеттік қызметші» төс белгісі табыс етілді.