Достық үйі конференц-залында «Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауды ұйымдастыру және өткізу туралы» семинар-кеңес өтті. Маңғыстау облыстық сайлау комиссиясы ұйымдастырған шараға Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ерлан Дауылбаев, Бұқаралық ақпарат құралдары және қоғамдық бірлестіктермен өзара іс-қимыл бөлімінің меңгерушісі Айгерім Тәжиева, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Асқар Рзаханов, сондай-ақ Маңғыстау облысының қала, аудан әкімдерінің сайлау жұмысына жауапты орынбасарлары, облыстық ішкі саясат басқармасының өкілі, аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен орынбасарлары қатысты.
Еске салсақ, бұған дейін ауыл-аймақ әкімдері мәслихат депутаттары сайлауымен тағайындалатын. Енді әкімдерді халық сайлайтын болады. Биыл Маңғыстау облысында 10 ауылдың әкімі сайланады. Сайлау шілде айының соңында өтеді. Жаңа сайланған әкімдер құзыреті 4 жылға белгіленген. Бұл сайлаудағы әкімдерге қойылар басты талап – үміткер 25 жасқа толған және мемлекеттік қызметте 2 жыл өтілі бар, Қазақстан азаматы болуы тиіс. Үміткерлер өзін-өзі ұсынады немесе партия атынан да түсе алады, егер екеуі де болмаса кандидатты аудан әкімі ұсынады. Үміткерлерге үгіт-насихат жұмыстары үшін 1 ай уақыт беріледі.
– Қазіргі таңда кандидаттардың сайлауы 30 күнде өткізіледі. Соның ішінде үгіт-насихаттар болады. Әкім лауазымына үміткер халыққа қалай қызмет көрсететінін баяндайтын өз бағдарламасын ұсынады. Соның негізінде халық өз таңдауын жасап, әкімдерін сайлайды, – дейді ҚР орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ерлан Дауылбаев.
Маңғыстау облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Исахан Сағынбаев ауыл әкімдері сайлауын өткізу туралы, Конституциялық заңға сәйкес сайлау комиссияларының өкілеттіктері жөнінде баяндады.
– Орталық сайлау комиссиясы аумақтық сайлау комиссиялары қызметінің заң талаптарына сәйкестігін бақылауды жүзеге асырады. Облыстық деңгейдегі аумақтық сайлау комиссиялары сайлауды дайындау мен өткізуді қамтамасыз етеді. Учаскелiк сайлау комиссияларының шешiмдерi мен әрекеттерiне (әрекетсiздiгіне) қатысты арыздар мен шағымдарды қарайды. Аудандық деңгейдегі аумақтық сайлау комиссиялары сайлауды тағайындайды және ұйымдастырады. Сайлау туралы Конституциялық заңда бірқатар талаптар бар. Мәселен, заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар, сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі заңда белгіленген тәртіппен танылған адам кандидат бола алмайды. Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңда қойылатын талаптар бойынша үміткердің Қазақстан Республикасының азаматы болуы және жасы 25 жастан кіші болмауы қажет», – деді Исахан Қайнарбайұлы.
Бүгінде ҚР Орталық сайлау комиссиясының реестріне облыс бойынша 388 437 сайлаушы енгізілген. Маңғыстау облысы әкімі аппаратының аумақтарды дамыту және ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің басшысы, облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Аймұрат Жарылғапов сайлау науқаны кезіндегі іс-қимыл жөнінде айтып берді.
– 2021 жылдың екінші жартыжылдығында 12 ауыл мен ауылдық округ әкімдерінің өкілеттілігі аяқталды. Шілде-тамыз айларында 10 әкімнің өкілеті аяқталады. Сайлауға түсетін ауыл және ауылдық округтердің халық саны – 25 328. Оның ішінде сайлаушылар саны – 13 697. Алдағы сайлау 14 сайлау учаскесінде өтеді, оған 5 аумақтық және 14 учаскелік сайлау комиссиясы қатысады. Онда сайлау комиссиясының 123 мүшесі бар. «ҚР Сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуіне байланысты ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының аймақтық филиалы арқылы маусым айында онлайн форматта 2021 жылдың II жартыжылдығында сайлауға қатысуы жоспарланған 6 аумақтық және 18 учаскелік сайлау комиссияларының құрамын оқыту жоспарланып отыр. Қазіргі таңда 14 сайлау учаскесі жұмыс істеуге дайын, – деді Аймұрат Қадисұлы.
Ертөре ЖҮСІП