ҚР Парламенті Мәжілісінің VI сайланған депутаты, Маңғыстау облысына еңбек сіңірген қоғам қайраткері, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» омбудсмені Хитуов Тарас Киікбайұлы 58 жасқа қараған шағында ұзаққа созылған аурудан дүниеден өтті.
Тарас Хитуов 1964 жылы 4 ақпанда Маңғыстау облысының Форт-Шевченко қаласында дүниеге келген. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын инженер - механик мамандығы бойынша білім алған.
Еңбек жолын 1986 жылы Ақтау қаласындағы пластмасса зауытының қарапайым жұмысшысы болып бастаған. 1991жылы «Маңғыстау» бизнес-орталығының менеджері, 2000 жылы Павлодар мұнай-химия зауытының цех бастығының орынбасары болды.
2002 жылы туған жеріне оралып, мемлекеттік қызметте еңбек етті. Ақтау қаласы әкімінің орынбасары, Түпқараған ауданының әкімі, Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы лауазымын атқарды.
2010 жылы «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-ның әлеуметтік саясат және персонал жөніндегі басқарушы директоры болды. Араға екі жыл салып, Жаңаөзен қаласындағы «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары, «Қаражанбасмұнай» АҚ-ның кадр және әкімшілік мәселелері жөніндегі вице-президенті, 2015 жылы сол компанияның аппаратының басшысы қызметін атқарды.
2016 жылдың 24 наурызынан 2020 жылдың желтоқсаны аралығында ҚР Парламенті Мәжілісінің VI сайланған депутаты, экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі, «Нұр Отан» партиясының мүшесі болды. Тарас Киікбайұлының соңғы қызмет еткен жері - «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы.
Тарас Киікбайұлы Маңғыстау өңірінің дамуына атсалысып, мұнай саласының қарыштап қадам басуына өлшеусіз еңбек сіңірді. Адал еңбегі мен зор жауапкершілігімен еліміздің заңнамалық базасын жетілдіруге бар күш жігерін жұмсады. «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы» мерейтойлық төсбелгісімен марапатталған.
Т. Хитуовтың қайтыс болуына байланысты Маңғыстау жұртшылығы атынан отбасына, ағайын туыстарына қайғыра көңіл айтамыз.
Көңіл айтушылар: Маңғыстау облысының әкімдігі, облыстық Мәслихат, «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы, облыстық ардагерлер кеңесі, облыстық қоғамдық кеңесі