Ақтау гарнизоны теңіз жаяу әскерінің бригадасы 100-ге жуық жас жауынгермен толықты. Олар еліміздің 5 өңірінен: Ақтөбе, Павлодар, Қостанай, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарынан келді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жас жауынгерлер бір айлық даярлық курсынан өтті. Сол аралықта олар жалпы әскери жарғы, мемлекеттік құқықтық дайындық және жауынгерлік даярлық сабақтары бойынша әскери білімдерін толықтырды. Жас сарбаздар өздеріне қолданысқа берілетін әскери техникамен, қару-жарақ және басқа да әскери құралдармен танысып, оларды дұрыс қолдану тәсілдерін де меңгерді.
- Жас жауынгерлерге тәжірибелі офицерлер мен сержанттар әскери қызметке бейімделуге көмектесіп, әскери істің негіздерін үйретті. Жаңа шақырылушылар үшін бастапқы оқу пәндері бойынша сабақтар, практикалық оқ атулар өткізілді, – деп атап өтті теңіз жаяу әскері гвардиялық бригадасы командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары майор Ренат Шәріпов.
Сонымен қатар, жас сарбаздар жауынгерлік даярлықтың жоспары бойынша саптық, тактикалық, атыс, дене шынықтыру және медициналық дайындық сабақтарын үйренді. Бөлімге келгеннен кейін олар қайта медициналық тексеруден, сондай-ақ психологиялық тестілеуден өтті. Енді олар теңіз жаяу әскерінің гвардиялық бригадасының жауынгерлік бөлімшелеріне бөлініп, Отан алдындағы борышын өтейді.