Ақтау гарнизоны теңіз жаяу әскерлерінің бригадасының әскери дәрігерлері мен орта буынды медициналық құрамы пандемия кезінде қауіпті індетке қарсы шараларды абыроймен атқарды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Теңіз жаяу әскерлерінде қызмет ететін 20-дан астам маманның ұраны – «Мақсатымыз бір – ол халық денсаулығына нұқсан келтіруші факторларға төтеп беріп, салауаттылығына кепіл болу».
Жеке құрамды жауынгерлік жағдайда, оқу-жаттығуларда, сабақтарда, сондай-ақ спорттық және басқа да іс-шараларды өткізу кезінде медициналық қамтамасыз ету медицина қызметінің басты міндеті болып табылады. Сонымен қатар, емдеу, сырқаттың алдын алу мен індетке қарсы іс-шараларды жүргізеді. Жоспарлы медициналық бақылауды жүргізе отырып, жеке құрамның жауынгерлік қызметінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
- Пандемия кезінде бригада медицина қызметкерлері әскери қызметшілердің өмірін, денсаулығын қорғау мақсатында, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз етіп, санитарлық-гигиеналық және індетке қарсы шараларды ұйымдастырды. Сол уақытта ерекше еңбегімен көзге түскен әріптестеріміздің еңбегі елеусіз қалмады, - деді теңіз жаяу әскерлері бригадасы медицина қызметінің бастығы капитан Нұрсұлтан Ақпанов.
Коронавирус инфекциясымен күрестегі еселі еңбегі үшін «Халық алғысы» медалімен теңіз жаяу әскері батальонының фельдшері сержант Нұрсұлтан Мылтықбаев, ал артиллериялық дивизион фельдшері аға сержант Жанар Құрманғалиева ІІІ дәрежелі «Ел Қорғаны» медалімен марапатталды.
Күндіз түні дамыл таппай адам жанын аурудан арашалауда аса қауіпті індетпен күресіп келе жатқан Қарулы Күштердегі әскери медицина мамандарының еңбегі зор.