Мемлекет және қоғам қайраткері, Тарих ғылымдарының докторы, профессор, Маңғыстау облысының Құрметті азаматы Өмірзақ Озғанбаев 80 жаста. Ел ағасының мерейлі жасына орай, ерекше құрмет көрсетіліп, салтанатты кеш ұйымдастырылды. Мерекелік жиында облыс әкімі С. Трұмов Өмірзақ Озғанбайұлын облыс халқының атынан құттықтап, ыстық лебізін білдірді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында мемлекетіміздің қалыптасуы мен іргетасының қалануының негізінде тұрған ардагерлеріміздің мерейтойын ұлықтау – біздің інілік парызымыз. Республика деңгейінде жоспар жасақталып, барлық өңірлерде іс-шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы да Сізді құттықтап, ыстық ықыласын жеткізді. Мұның барлығы Сіздің ел алдындағы ақ адал еңбегіңіз бен биік абырой-беделіңізді көрсетеді. Бүгінгі күні Маңғыстаудың өрлеп-өркендеуіне Сіздің ерекше қолтаңбаңыздың бар екендігін жерлестеріңіз жақсы біледі және жоғары бағалайды», - деді С.Трұмов.
Киелі түбектің төл тумасы, абырой биігіндегі аптал азамат Өмірзақ Озғанбайұлы қай істе де терең білім, ерен ерік-жігер, мұқалмас қажыр-қайрат танытып, адал еңбегі мен терең тәжірибесі нәтижесінде толағай табысқа қол жеткізген тұлға.
Еңбек жолындағы қадамын қарапайым мұғалім болып бастаған. Өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап отыз жылға жуық Маңғыстау өлкесінің білім беру саласына басшылық жасады. Жас ұрпақтың білімді де білікті, саналы да салауатты болып өсуіне жан-жақты жағдай жасап, бар күш жігерін жұмсады. Ө.Озғанбаев басшылық еткен тұста Маңғыстаудың елді мекендерінде көптеген жаңа типті мектептер салынып, білім ордалары заманға сай жабдықталып, білікті мұғалімдермен, қажетті мамандармен қамтылды.
Сонымен қатар Білім және Ғылым министрлігінде, Ыбырай Алтынсарин атындағы Қазақ білім беру академиясында басшылық қызметтерді атқарды. Тәуелсіз қазақ елінің алғашқы Парламентін қалыптастырудың басы-қасында болып, Парламент Сенатында комитет төрағасы ретінде өрелі істердің ұйытқысы бола білді. Білікті басшы, іскер ұйымдастырушы ретінде ел үшін ең елеулі оқиғалардың басынан табылып, Елбасымен бірге Тәуелсіз еліміздің іргетасының орнығуына үлесін қосты.
2013 жылдан бері қоғамдық істерді ұйымдастыруда басшылық танытып, «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігінде айрықша еңбек етіп келеді.
Жиын соңында қоғам қайраткерінің Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан арнайы келген әріптес, үзеңгілес достары ҚР тарих және этнология Ғылыми зерттеу институтының директоры, Ұлттық ғылым академиясының мүшесі Зиябек Қабылдинов және Ұлттық ғылыми академиясының академигі, Евразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы Ө.Озғанбаевты Евразия ұлттық университетінің “Күлтегін” төсбелгісімен марапаттады.