Мамырдан бастап «Маңғыстау облыстық Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі мен «Мейірім» қоғамдық қоры Еуропалық Одақтың қаржылай қолдауымен «Қоғамдық қатысу мектебі – Батыс Қазақстан» жобасы жүзеге асыруда қолға алды. Өткен аптада ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында жоба мазмұны мен мақсаты кеңінен таныстырылды. Екі жылға созылатын екпінді жоба аясында елді мекендер мен ауыл халқының тұрмыс сапасын жақсартуға, құқықтық сауатын көтеруге, өзекті мәселелердің оң шешімін табуына бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылмақшы.
«Биыл мамыр айынан бастау алған жоба Қазақстан бойынша үш облыста жүзеге асады. Олар Маңғыстау, Атырау және Ақтөбе өңірлері. Ауқымды жоба аясында мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру арқылы ауыл халқының әлеуетін көтеру көзделген. Ауыл-аймақта мемлекеттік сатып алу саласындағы сыбайлас жемқорлық деңгейінің төмендеуіне, әділ сот аясында заң үстемдігін қамтамасыз етуге, жеке тұлға құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, азаматтық қоғам институттарын бұқара мен билік дәнекері ретінде дамытуға септесетін жобадан нақты нәтиже күтеміз. Жобаның негізінде адам өмірін басты құндылық ретінде бағамдау ұғымы жатыр. Қоғамдық қатысу мектебін тәмамдаған түлектер өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму үдерістеріне тың серпін әкелу, жемқорлыққа тосқауыл қою, сондай-ақ жергілікті билік өкілдері қызметінің жеделдігі мен нәтижелігін арттыру жолында еңбек етуі тиіс»,- деп мәлімдеді ҚР Еуропалық Одақ Өкілдігінің Ынтымақтастық бөлімінің басшысы Йоханнес Мэдсон.
Басқосуда Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Г. Қалмұратова жоба жетекшілеріне сәттілік тілеп, халықтың құқықтық сауатын қолдау мәселесіне баса назар аударып, осы олқылықты оң жолға қою маңызына назар аударды.
«Ең алдымен ауыл халқын жобамен жан-жақты таныстырып, тұрғындарды тарту қажет. Ауылдық елді мекендерде мемлекеттік ресурстарды әділ үлестіруге қоғамдық бақылауды күшейту маңызды. Біз ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту үшін 20 қоғамдық бастаманы қолдауға ниеттеніп отырмыз. Шағын гранттар конкурсында жеңіп шыққан үздік бастамаларды сәтті жүзеге асыру арқылы, әлеуметтік мәселелердің оң шешімін табуына жол ашамыз. Сондай-ақ жоба аясында өз тәжірибемізге сүйене отырып, өзге өңірлермен білім-білігімізбен бөлісуді көздеп отырмыз. Қала мен аудандарда қоғамдық қатысу мектебі ұйымдастырылып, үш күндік семинар-тренингтер өткізіледі. Тренинг аясында қоғамдық бақылау, ақпарат алу мен тарату, зерттеу, мемлекеттік органдар қызметіне мониторинг жасау секілді тақырыптар қозғалып, дәріс оқылады. Алдағы уақытта мектеп түлектерінің өңірлік қауымдастығы құрылып, әр түрлі әдіс-тәсілдер арқылы тәжірибемен бөлісу жолға қойылады», - деп атап өтті «Маңғыстау облыстық Азаматтық Альянсы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ж. Ахметова.
Сондай-ақ жоба жасақтау тренингін тәмамдаған тұрғын «Үздік ауылдық бастама» шағын гранттар байқауына қатысуға мүмкіндік алады. Шағын гранттар зерттеу нәтижелері, инфрақұрылымдық мәселелер, сондай-ақ азаматтардың өз құқықтары туралын білімін арттыруға бағытталған іс-шараларға берілмек. Байқау шарты бойынша 3 аймақтан кем дегенде 20 қоғамдық бастама қолдауға ие болмақ. Жалпы жүлде қоры 20 мың еуроны құрайды. Ал әр грантқа орта есеппен мың еуро қаржы бөлінеді.
Сонымен қоса, қоғамдық мониторинг жүргізу, әлеуметтік жобаларды жүйелі жүзеге асыруда қолданылған үздік тәжірибе, озық әдістемелер мен мәнді мағлұматтар республика ауқымында кеңінен таралуы үшін әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында жария етіледі. Әрі құнды ақпараттық ресурстар жинақталған toolkit әзірленіп, басылып шығады.
«Ауқымды әрі ерекше жоба билік құрылымдарын, жекеменшік сектор мен халықаралық ұйымдарды бір арнаға тоғыстыратын нақты әрі жүйелі іс-әрекет алгоритмінен тұрады. Елімізде азаматтық қоғамды құру үдерістері ертеден бастау алса да тәжірибе жетімсіздігінен туындайтын кедергілер көптеп кездеседі. Жаңа жоба арқылы сол олқылықтардың орнын толтыруға жұмыстануымыз қажет. Еліміздің батыс өңірлерінде көші-қон деңгейі жоғары. Сол себепті халықтың жеке тұлға құқықтары мен бостандықтары туралы білімін арттыру, құқықтық сауатын көтеру әрі жетілдіру секілді мәселелер өте маңызды», - деп атап өтті «Мейірім» қоғамдық қорының директоры Александр Муха.
Бұдан бөлек баспасөз мәслихатында ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Қуаныш Мырзағали қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөнінде ой-пікірімен бөлісті.
«Біздің департамент халықаралық ұйымдармен, азаматтық қоғам институттарымен тығыз байланыста жұмыс жасайды. 2017 жылдан бері құқық қоғау, мемлекеттік органдар қызметі саласындағы сыбайлас жемқорлық фактілері 2,4 пайызға кемігендігі байқалады. Агенттік тарапынан сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары мен қылмыстары нәтижесінде мемлекетке келтірілген шығындарды өтеу мәселесі жіті бақыланады. Былтыр 50 млрд. теңге қаржы көлемінде шығын бюджет қазынасына қайтарылды. Осындай жүйелі іс-шаралардың нәтижесінде былтыр еліміз «Transparency international» рейтингінде 38 балл жинап, 98-орынға тұрақтады. «Transparency international» қоры мен БҰҰ даму бағдарламасымен бірлесе жүргізген сауалнама нәтижесінде халқымыздың 60 пайыздан астамы сыбайлас жемқорлықпен күреске даярлығын білдірсе, кәсіпкерлердің 80 пайызы Қазақстанда заң шеңберінде, пара бермей-ақ кәсіп жүргізуге мүмкіндік бар екендіктерін мәлімдеген. Бұл дегеніміз халықтың мемлекеттік аппаратқа деген сенімінің айғағы», - деп атап өтті ол.
Сондай-ақ баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері мен өзгеде онлайн режимде атсалысып отырған қатысушылар ой алмасып, жаңа жобаның мән-маңызын ортақ талқыға салды.
Голрох Жеменей