Кеше «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев Жаңаөзен қаласында өрт шыққан «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС-не барды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
ҚМГ басшысы кәсіпорынның технологиялық желісін қарап, қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты. Зауытта А.Айдарбаев Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары А. Меңдібаевтың, Жаңаөзен қаласының әкімі М. Ибағаровтың, «ҚазГӨЗ» ЖШС, «Өзенмұнайгаз» АҚ және «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бірінші басшыларының қатысуымен жиналыс өткізді.
Жиналыста өрт салдарын жою бойынша қабылданған шаралар талқыланып, осындай келеңсіз жағдайлардың алдын алу жөнінде бірқатар нақты тапсырма берілді. Бұдан бөлек, кәсіпорында шыққан өрт «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ және «Өзенмұнайгаз» АҚ кен орындарындағы мұнай өндіру деңгейіне әсерін тигізбегені атап айтылды.
Сонымен қатар Алик Айдарбаев өрт сөндіру кезіндегі үйлесімді іс-әрекеттері үшін өртке қарсы қызмет мамандарына, ҚазГӨЗ, «Өзенмұнайгаз» АҚ ұжымдарына алғысын білдірді.
«Ендігі міндет – қалпына келтіру жұмыстарын қысқа мерзім ішінде жүргізіп, кәсіпорынның газды толық қабылдауын қамтамасыз ету», – деп атап өтті ол.
Еске сала кетейік, ұлттық компанияда жедел штаб жұмыс істеуде. Қазіргі уақытта өрт салдарын жою жұмыстары жүргізіліп, өрттің шығу себептері анықталып жатыр.