Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында жуырда Маңғыстау облысының полиция департаменті мен Ақтау қаласының полиция басқармасы бастамасымен «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті.
Ақтау қаласындағы қылмыстық ахуалды оңалту, отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтарға жол бермеу, жанұядағы дау-жанжалға тосқауыл қою мақсатында ұйымдастырылған мазмұнды іс-шараға құқық қорғау органдарының 107 қызметкері жұмылдырылып, нәтижелі қызмет етті. Учаскелік полиция инспекторлары, патрульдік полиция, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, криминалдық полиция бөлімдерінің қызметкерлері, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар мен құқық қорғау бағытындағы қоғамдық құрылымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері атсалысқан акция аясында тиісті азаматтармен тығыз байланыс орнатылып, профилактикалық ақпараттандыру-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Нақтылар болсақ, іс-шараның бір күнінде Ішкі істер органындағы профилактикалық және тізімдік есепте тұрған 199 тұлғалар тұрғылықты жері бойынша тексерілді. Мәліметтерге сүйенсек, сондай-ақ есірткіге тәуелді 4 тұлға және қолайсыз отбасы санатымен 7 отбасы есепке алынып, мәжбүрлеп емдеу орталықтарына тұлға орналастырылды.
«Пәтерлерді және үй ауласын аралау барысында барлығы 103 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-5, 73-1, 73-2 баптары бойынша, отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер, ұрып-соғу бойынша 18 құқық бұзушылық анықталды. «Тұрмыс» іс-шарасы барысында отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттерге байланысты 39 тұлғаға «қорғау нұсқамасы» қойылып, 5 тұлға «қолайсыз» отбасы есебіне алынды. Мұндай науқандар алдағы уақытта өз жалғасын табады», - деп атап өтті Ақтау қаласы полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция майоры Роза Жантуар.
Голрох Жеменей