«Sofie MedGroup» көпсалалы медициналық клиникасының кардиохирургтары 70 жастағы науқастың жүрегіне отаны сәтті жасады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Науқаста бұрын миокард инфарктісі болған, яғни жүрек бұлшық етінің қанмен қамтамасыз етілуінің бұзылуы байқалған. Кардиохирургтар науқасқа бірнеше рет коронарлық артерия жасаған. Алғашында ентігу пайда болып, жағдайы күрт нашарлай түскен. Анализ қорытындыларынан соң шұғыл түрде хирургиялық ота жасау қажет болғаны анықталды. Тексеру барлық коронарлық артериялардың айтарлықтай зақымданғанын көрсетті. Ота үш сағатқа созылды.
Кардиохирург Ағзам Алдешевтың айтуынша, науқаста жүрекке қан мен оттегіні жеткізетін шағын қан тамырларының (коронар тамырлары) тарылуы пайда болған. Медицинада мұндай ауруды жүректің ишемиялық ауруы деп атайды. Бұл - коронарлық артерия жүйесіндегі патологиялық процестерге негізделген жүрек бұлшықетіне артериялық қан берудің төмендеуінен немесе тоқтауынан болатын созылмалы миокардтық зақымдану. Жалпы жүректің ишемиялық ауруы кең таралған. Өлім санатында жүрек-қан тамырлары аурулары бірінші орында болса, оның ішінде жүректің ишемиялық ауруы шамамен 40%-ды құрайды.
«Бұл жоспарлы ота санатына кіреді. Скринингте науқастың жүрек соғысы нашарлағаны көрініп тұрды. Кепілдендірілген тегін медициналық көмектің көлемі шеңберінде коронарлық ангиография жасалды, бұл жүрек соғысының бәсеңдеуін анықтайды. Хирургиялық ота науқас үшін ең қауіпсіз жолы болды. Бұл кісі біз ота жасаған жас шамасы ең үлкен науқастың бірі. Жалпы алғанда, науқас ота жасауға келісім беріп, моральдық және психологиялық тұрғыдан алдын-ала жақсы дайындалып келген», - дейді Ағзам Алдешев.
Ота уақытылы жасалмаған жағдайда, науқас өліп кетуі мүмкін немесе жүрек соғысы әбден нашарлап, соңы мүгедектікке әкеледі. Отадан кейінгі кезеңде науқас қант, холестерин, артериялық қысымды үнемі бақылауда ұстап, әрдайым кардиолог дәрігердің бақылауында болады.