Кеше Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары А. Меңдібаевтың қатысуымен "ҚазАзот" зауытының аумағында жаңа инвестициялық жобаның салтанатты тұсаукесері өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Жобаның мақсаты - сұйық аммиакты тасымалдауға арналған вагон-цистерналарды сатып алу және пайдалану. Барлығы 30 вагон сатып алынды. Әрқайсысының жүк көтергіштігі 56 тоннаны құрайды. Жобаның құны 711 миллион теңге.
Айта кетсек, "ҚазАзот" АҚ Қазақстандағы минералды азот тыңайтқыштарын, оның ішінде аммиакты өндіретін бірегей кәсіпорын. Аммиак химия өнеркәсібінің маңызды өнімдерінің бірі және құрамында азот бар көптеген өнеркәсіптік заттар өндірісі үшін шикізат ретінде қолданылады.
Бүгінде Компания күн сайын 650 тоннаға дейін аммиак өндіріп келеді. Сатып алынған жаңа вагон-цистерналар өндірісті күніне 750 тоннаға дейін арттыруға және өнімнің уақытылы тұтынушыға дейін жеткізілуіне мүмкіндік береді. "ҚазАзот" АҚ Теміржол цистерналары сертификатталған және міндетті тексеруден жүйелі түрде өтеді. Аммиак өндірушісі ретінде Компания барлық қажетті қауіпсіздік шараларын сақтайды.