Бүгін облыс әкімі С.Трұмов көп қабатты тұрғын үйлердің қабырғаларына ел мақтаныштарының ірі көлемдегі муралдарын салып жатқан мамандармен кездесіп, жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Алматы қаласынан арнайы шақыртылған суретшілер алдымен халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың суретін салса, екінші үйге Есенғали Раушановтың бейнесін салды. Күні кеше ақын Фариза Оңғарсынованың муралы аяқталды. Мамандардың айтуынша, әр суретті бейнелеуге 4-5 күн кетеді.
«Бірінші күні муралдың жобасын сызып аламыз. Оны түнгі мезгілде жасаймыз. Сосын 3-4 күн бояймыз. Тұлғалардың өмірден өткеніне көп уақыт болған жоқ. Бейнелері халық жадында жақсы сақталған. Барынша түп нұсқасына ұқсатып салуға тырыстық. Бастысы суретті көрген тұрғындар бұл адамдардың кім екенін ұмытпай, шығармашылығын біліп жүрсе екен», - дейді Ержан Танаев.
Аталған жұмыстар ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай облыс әкімдігінің «Ел игілігі үшін» жобасы аясында жүзеге асып жатыр. Аймақ басшысы қаламызға сән беріп, ұрпаққа ой салатын мұндай туындыларды жүзеге асырып жатқан мамандарға алғысын жеткізді.