Ақтау гарнизонындағы теңіз жаяу әскерлерінің бригадасы жаз мезгілінде орындайтын жауынгерлік даярлық оқу кезеңіне дайын, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қарулы Күштердің әскери техникасы мен қару-жарағын жазғы оқу кезеңіне ауыстыру жоспарына сәйкес бригаданың жазғы оқу кезеңге дайындығы пысықталды. Барлық әскери техника жазғы пайдалану жағдайына келтірілді, құжаттама және оқу-материалдық база әзір.
Батыс өңірлік қолбасшылығының офицерлерінен құрылған арнайы комиссия әскери бөлімнің дайындығын тексеріп, жоғары бағасын берді.
Бүгінгі күні әскери бөлім жазғы оқу кезеңіне толықтай дайын. Барлық әскери техникалар жазғы пайдалану жағдайына келтірілді. Әскери полигондар қауіпті жарылғыш заттардан тазартылып, оқу-жаттығуларды өткізуге дайын. Әскери бөлімнің қажет деңгейдегі қорлары қалпына келтірілді, - деді 25 744 әскери бөлімінің командирі подполковник Жаннұр Сатқынов.
Сонымен қатар, әскери бөлімде қару-жарақ пен әскери техниканы жазғы пайдалану режиміне ауыстыру, далалық жағдайларда сабақтарды өткізу үшін материалдық оқу-жаттығу базасын дайындау жөніндегі жоспар таныстырылды.