Кеше Маңғыстау облысының әкімі С. Трұмов Иранның Казвин провинциясындағы сауда-өнеркәсіп палатасының басшыларын қабылдады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Палата президенті Мехди Бахшанде Иранмен Каспий арқылы шектесетін Маңғыстау өңіріне инвестиция құйып, жаңа жобаларды жүзеге асырғысы келетінін жеткізді. Атап айтқанда «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорын, көлік құрастыратын зауыт пен жеміс және кептірілген жеміс-жидекті сақтайтын терминал салуды көздеп отыр. Инвестициялық жобаларын облыс әкімі С.Трұмовқа таныстырды.
«Маңғыстауды соңғы жылдары қарқынды дамыған аймақ ретінде танып, білдік. Осы өңірдің экономикасына қаржы салып, бірнеше жобамызды жүзеге асыруға дайынбыз. Бүгінде Ираннан тасымалданатын құрылыс материалдары сынды көптеген дүниелерді осында жасап, халық игілігіне беретін болсақ, өнім бағасының арзандауына сеп болады деген ойдамыз», - деді «Казвин» провинциясы сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Мехди Бахшанде.
Серікбай Өтелгенұлы тұрғындар үшін жаңа жұмыс орнын құрып, өңір экономикасының өркендеуіне пайдасы тиетін жобаларды қашанда қолдауға дайын екенін айтты.
Кездесу соңында палата президенті 1,5 млн халқы бар Казвин провинциясы басшысының атынан Маңғыстау облысының әкімі С. Трұмовты арнайы сапармен Иранға шақырды.