Облыста жалпы COVID-19 вирусын жұқтырғандардың саны 6 763-ті құрады. Оның 90%-ы емделіп шықты. Қайтыс болғандар саны 105. Жыл басынан бері қауіпті індеттен 28 адам қайтыс болған. Соңғы тәулікте КВИ жұқтырғандар 35 адам, репродуктивтік көрсеткіш – 1,0-ді құрады. Бұл туралы С.Трұмовтың төрағалығымен өткен жиында облыс әкімінің орынбасары Г.Қалмұратова мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінде Денсаулық сақтау нысандары штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Тұрғындарға 515 инфекциялық және 60 реанимациялық төсек орындық 10 стационар қызмет көрсетіп жатыр. Бұған қосымша 2 452 төсек орын, 131 реанимациялық орын толығымен жабдықталып, резервте дайын тұр. Осы жылдың 17-24 мамыр аралығында 359 адам ем қабылдап, жазылып шыққан. Бүгінгі күні стационарларда 237 адам ем алып жатыр. Оның 20-сы кәмелет жасқа толмаған балалар. Г. Қалмұратованың айтуынша ауруханада коронавируспен ауырып жатқандардың барлығы КВИ-ге қарсы екпе алмағандар. Айта кетсек, өңірге барлығы екі компонент бойынша 52 926 адам егілді.
Облыста КВИ-ге қарсы екпеге арналған 38 екпе кабинеті жұмыс істейді. Оның 17-і Ақтау қаласында. Қосымша екпе пунктерінің жұмысы ұйымдастырылуда.
«Дәрі-дәрмек және жеке қорғану құралдарымен қамту мәселесі де басты назарда. Медициналық мекемелер мен дәріханаларда 3 айға жететін дәрі-дәрмек және жеке қорғану құралдар қоры жасақталды. Сонымен қатар медициналық ұйымдар қажетті жабддықтармен толық көлемде қамтылды, ол бойынша мәселе жоқ», - деді Г.Қалмұратова.
Сонымен қатар өңірдің 241 кәсіпкерлік объектісінде «Аshyq» мобильдік қосымшасы толық іске қосылған. 29 кәсіпкерлік объекті сынақ мерзімімен жұмыс істеп жатыр. Алайда «Аshyq» қосымшасы арқылы қосылып, бірақ тиісті талаптарды сақтамаған кәсіпкерлік нысандар да анықталды. Тәртіп бұзған «LOFT PUB», «Coffee City Premium», «Донер Сарайы», «На мангале», «Шум-Гам бар» қоғамдық орындарының «Аshyq» қосымшасындағы аккаунттары 2 аптаға бұғатталды.
Бұдан бөлек жиын барысында ауылшаруашылық басқармасының басшысы С.Қалдығұл «Еңбек» бағдарламасы аясында кәсіпкерлікті дамыту мақсатында қалалар мен ауылдық елді мекендерде микрокредит беру туралы айтты.
Ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында 2021 жылға шағын несие беруге - 500 000 млн теңге қаржы бөлінген. Қазіргі таңда бағдарлама аясында бөлінген қаражат бойынша барлығы 361 250 000 теңгеге 64 жоба қабылданып, 285 790 000 теңгеге 52 жоба мақұлданды.