Ақтау қаласының құрметті азаматы, Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Мейрамбай Қибасов 75 жасқа толды. Облыс әкімі С.Трұмов саналы ғұмырын Маңғыстау облысының ақпарат саласының дамуына арнаған ардагерді қабылдап, мерейлі мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Маңғыстаулықтардың атынан 75 жасқа толған мерейлі жасыңызбен шын пейілмен құттықтаймын. Өмірдің барлық бақыты мен баянын, балаларыңыздың қуанышы мен еңбегіңіздің ырзығына кенеле беруіңізді тілеймін», деді облыс әкімі С.Трұмов
Мейрамбай Бисенбайұлы ұзақ жылдар Жаңаөзен қаласындағы «Жаңарған Маңғыстау», облыстық «Коммунистік жол» газеттерінде әдеби қызметкер, аға тілші, бөлім меңгерушісі, «Жаңаөзен», «Маңғыстау» газеттерінің бас редакторы болып өнегелі де жемісті еңбек етті.
Кейінгі жылдары қоғамдық өмірге белсене атсалысып, Жаңаөзен қалалық партия комитеті пленум мүшесі, қалалық халықтық бақылау комитетінің штаттан тыс бөлімінің меңгерушісі болды.
Қарымды қаламгер ғибратты ғұмырында «Аман бол, атажұртым», «Өмір өрнектері», «Маңғыстау, сенің жеріңде», «Өнегелі ұл-қыздары өлкемнің» атты бірқатар тағылымы мол кітаптар жазған. «Қара қайнар» деректі повестінің авторы.
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН