Облыс әкімі С.Трұмовтың төрағалығымен өңірлік жедел штаб отырысы өтті. Күн тәртібінде білім беру ұйымдарында қауіпсіздік шараларын күшейту, аймақтағы жол-көлік қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Маңғыстау облыстық Полиция департаменті басшысының орынбасары Б.Ақшауовтың баяндауынша, 2020 жылы жүргізілген тексерулер нәтижесінде өңірдегі білім ошақтарында бейнебақылау, дабыл қаққыш нүктесі, турникет жетіспеушілігі анықталған.
«Бүгінде облыс бойынша 12 мектеп турникеттермен жабдықталған. Ақтау қаласындағы 19 мектепте дабыл түймесі бар. Бұл өте аз. Балалардың қауіпсіздігін сақтау үшін барлық білім ұйымдарына металлодетектор, дабыл қаққыш нүктесі, бейнебақылау жүйесі мен күзет агенттіктерін тарту керек», - деді Б. Ақшауов.
Б.Ақшауовтың айтуынша, мектептердегі бейнекамераларды орталықтандыру өте маңызды. Барлық камералар Полиция басқармасындағы жедел басқару орталығы (ЦОУ) қосылса, тәртіп сақшыларының мектептерді жағдайды бақылап отыруына мүмкіндік туады.
Облыс әкімі С.Трұмов балалардың қауіпсіздігі үшін қаржы бөлуге дайын екенін айтты. Облыстық полиция департаменті мен білім басқармасына аталған жұмыстарды жедел ұйымдастыруды тапсырды.
Сондай-ақ, жиын барысында жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Қ. Айғарақов жол көлік оқиғасынан қаза болғандардың саны 15,8%-ға төмендегенін мәлімдеді.
«Жол-көлік оқиғаларына жүргізілген талдауларға сәйкес әрбір үшінші жол-көлік оқиғалары жаяу жүргіншілердің қатысуымен орын алған. Кешенді Жоспарға сәйкес, жаяу жүргіншілердің жолды көп кесіп өтетін 31 шағын аудандағы «Мағаш базары», 15 шағын аудандағы «Амфитетр», 7 шағын аудандағы «Самолет» ескерткіші маңындағы жаяу жүргінші өткелдеріне жерүсті өткелін орналастыруды ұсынамын», - деді Қ. Айғарақов.
Басқарма басшысының айтуынша мал жануарларының жолға шығып кетуінен ауыр жол-көлік оқиғалары тіркелуде. Аталған жол апатының алдын алу мақсатында қауіпті аймақ саналатын «Ақтау-Жетібай» тас жолының бойына ұзындығы 3 шақырымды құрайтын электроленталы қоршаулар орнатылды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта жалғасады.