Ақтау гарнизонында Қарулы Күштердегі әскери полицияның құрылған күніне орай мерекелік шара өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Ақтау гарнизонының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Ер есімі, ел есінде» деген дана халқымыздың қанатты сөзі әскерилердің әрдайым жадында. Сондықтан шара барысында өңірдегі әскери полиция бөлімінің дамуына зор үлес қосқан Есенәлі Иса және Наурызбай Бекенов сияқты ардагерлердің еңбегі ерекше атап өтіліп, оларға «Алғыс хат» табысталды.
"«Ешкімде ұмыт қалмайды, ештеңе де ұмытылмайды» дегендей біз әскери полиция органдарының қызметкерлері ардақты ардагерлерімізді әрқашан үлгі тұтамыз. Мұндай шаралар жас буынды адамгершілік пен кішіпейілділікке тәрбиелеуде зор ықпалын тигізеді. Ұрпақ тәрбиесі, олардың өткенді жетік білуімен тығыз байланысты. Осындай игі істер алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенімдіміз", - деді Ақтау гарнизонының Әскери полиция бөлімінің бастығы подполковник Серік Ешекенов.
Жиын соңында жеке құрам ардагерлермен бірігіп, бөлім аумағында көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.
Айта кетейік, мерекелік шара санитарлық талаптарды сақтай отырып ұйымдастырылды.