Қорғаныс істері жөніндегі департаментте «Қарулы Күштері Ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің МО филиалының ардагері, КСРО Қарулы Күштерінің ІІІ-ші дәрежелі және «Құрмет» орденінің иегері Амангелді Гумарұлының 80 жасқа толуына байланысты мерекелік шара өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Шарада облыс әкімі С. Трұмовтың, ҚР Қорғаныс министрі Н. Ермекбаевтың, облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы М. Тастановтың, Орталық Кеңес төрағасы М. Алтынбаевтың, облыстық «Ардагерлер» ұйымының төрағасы С. Төлетовтің, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің төрағасы Б. Ізмұханбетовтың, «Qurmet-Abyroi, Birlik» қоғамдық бірлестігінің төрағасы А. Юсуповтың құттықтау алғыс хаттары табысталып, І дәрежелі «Ел қорғаны», «Халық құрметі» медальдарымен марапаттады.
Жиында мерейтойдың құрметті қонағы Амангелді Гумарұлы мерекелік шараны ұйымдастырған Қарулы Күштері облыстық ардагерлер кеңесі төрағасы полковник Нұрлыбай Қонақбаевқа және Қорғаныс істері жөніндегі департаментке, ардагерлерге алғысын айтты.
Бүгін ерен еңбектің иесі, нағыз тұлғаның 80 жас мерейтойы. Ізгі ниетті білдіре отырып, денсаулық пен амандық тілеймін. Жеке құрам әрдайым Амангелді Гумаровты айтып отырады. Сондықтан да осындай шараның өткеніне қуаныштымын. Ағамыздан алар үлгі-өнеге мен үйренер біліміміз көп. Осындағы барлық адам оның еңбегін сыйлап келді, - деді МО Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығы полковник Мақсат Тастанов.
Амангелді Гумаров көп жылдар бойы Маңғыстау облысының ардагерлер ұйымының төрағасы қызметін атқарды. Зейнет жасына жетіп, 5 жыл бұрын осы ұйымды басқаруды маған табыстады. Осы жылдар аралығында ағаның көрсеткен көмегі, айтқан нұсқаулығы көп болды. Әрбір істің тиянақты орындалуы, қызметке адалдығы үшін зейнетке шықса да барлық іске атсалысып келеді. Бүгінгі той шашусыз болмайды. Әскери адамның өзі «менде бәрі бар, ештеңе керек емес» десе де, алдағы уақытта, еліміздегі эпидемиологиялық жағдай реттелгеннен кейін, сыйлығымыз ретінде жұбайымен демалысқа жібереміз, - деді Серікбай Төлетов.
Бүгін - айтулы күн. Амангелді Гумарұлының қазақ еліне еткен еңбегі әрдайым бағаланып келеді. Осы жасқа келгенше қаншама ұрпақтарды тәрбиеледі. Біздің әскер ең күшті күш. Бүкіл әлем қазақ деген әлем бар екенін білді. Соның бәрі жүрегі қазақ деп соққан Амангелді Гумаров сынды азаматтардың еңбегі. Сондықтан да осы мерейтойы үшін көп дайындалдық. Департаментпен бірлесіп жұмыс істеудеміз. Сіз ең бақытты адамсыз. Сіз біздің тізімде ең бірінші тұрасыз. Шынында сіз нағыз офицерсіз, - деді Нұрлыбай Қонақбаев.
Амангелдімен біраз жылдар бірге қызмет еттім. Сол уақыт аралығында оны жақсы танып білдім. Ол ең алдымен – ұстаз. Ұстаз деген сөздің қасиетті екенін, ұстаз болудың қиындығын, жауапкершілігін, және оның қадірін бәрі біледі. Оның қолынан көптеген тәрбиелі жастар өсті. Оның өзім сыйлайтын қасиеттерінің бірі – үлкенге дос, кішіге аға бола білуі. Қандай мақтау айтса да жараса кететін, атқарған қызметі өз алдына, қарапайымдылығы, адамгершілігінің өзі бір төбе ерекше азамат, - деді Қарулы Күштерінің ардагері Айып Нұрмаханұлы.
Шалқар Абылова,
Суреттерді түсірген Талант Құсайын