© Сайт архивінен
Ақтаулық фермер Руслан Жинкиннің қорасында 40-тан астам ешкісі бар. Ол ешкі сүтінен өнім дайындап, өңір жұртшылығына жеткізіп отыр. Алдағы уақытта басқа аймақтарға сатылымға шығаруды жоспарлап отыр. Бұл туралы mangystaumedia.kz сайты Ақтау қалалық әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Өмірзақ ауылының тұрғыны Руслан Жинкиннің кәсібі ауылдастарына етене таныс. Себебі, емдік қасиеті мол өнімге сұраныс көп екен. Ағзаға сіңімді, иммунитетті нығайтып қана қоймай асқазан ауруларына да пайдасы мол. Шаруа сүтті залалсыздандырғаннан кейін пластик құтыларға құяды. Сыртына шаруа қожалығының мәліметтері көрсетілген қағаз жапсырады. Дайын өнімді облыс орталығындағы базар мен дүкендерге жеткізеді.
“Басты мақсатым - мал шаруашылығын дамыту. Қазір сүттен бөлек, сүзбе ірімшік, йогурт секілді өнім түрін шығарамыз”, - дейді кәсіпкер.
Кәсіпкердің айтуынша, жаз айларында ешкінің әрқайсысы 2,5-3 литр сүт береді. Фермер бұдан бөлек, 450-ден астам қой бағып отыр. Саңырауқұлақ өсіріп, өнімін дайындайды. Сондай-ақ, тандыр нан пісіріп, тәулігіне облыс орталығындағы дүкендерге жеткізеді. 6 адамды жұмыспен қамтып отыр. Алға қойған жоспары көп. Балық шаруашылығын да қолға алып, шаян өсіру жоспарында бар.