Маңғыстау облысына Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ол өңірде жүзеге асырылып жатқан бірқатар ірі инфрақұрылымдық және туристік жобалардың барысымен танысты. Премьер-Министрінің орынбасары Р.Скляр мен облыс әкімі С.Трұмов алдымен «Ақтау-әуежай» тас жолының құрылыс жұмыстарын көрді. Бүгінде онда жолды кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаға сәйкес, жаңа жол төрт жолақты болады. Құрылыс жұмыстары қаладан әуежайға баратын трассаның 5 шақырымынан бастап 43-ші шақырымына дейін жүргізіледі. Бірінші кезеңде 5-29 шақырымдағы жолдар жасалады. Бұл жоба республикалық және жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылуда.
Осыдан кейін Р.Скляр бастаған жұмыс тобы жаңа шағын аудандардың құрылысымен танысты. Болашақта Ақтауда тағы жаңа 7 шағын аудан (36-42) бой көтереді. Қазіргі уақытта инженерлік желілерді одан әрі құру үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Мемлекеттік сараптаманың қорытындысын осы жылдың тамыз айында алу жоспарланып отыр.
2021 жылдың басында өңірде "Хонда" орталығынан Өмірзақ ауылындағы "Т"- тәрізді қиылысқа дейінгі автомобиль жолын қайта құру басталды. Ені 14 метр, ұзындығы 4.5 шақырым жаңа жол учаскесі туристік аймаққа және кері қарай келе жатқан автомобильдердің ағынын жеңілдетуге мүмкіндік береді және әсіресе жазғы кезеңде қозғалысты жеңілдетеді. Р.Скляр сондай-ақ,
Ақтау туристік аймағында инженерлік инфрақұрылымның құрылуымен танысты. Бүгінде онда ұзындығы 35 шақырым су сорғыш және ұзындығы 32 шақырым коллектордың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Туристік аймақ аумағында вице-премьерге әлемдік деңгейдегі қонақ үйлердің, виллалар мен апартаменттері бар кешеннің, ойын-сауық орталықтарының құрылысы туралы баяндалды. Жаңа туристік нысандар биыл іске қосылады деп күтілуде.
Бұдан бөлек Премьер-министрдың орынбасары Ақтау қаласындағы №2 кәріз-тазарту станциясының аумағында болды. Қондырғы су зарарсыздандыру және қайта пайдалану арқылы жасыл желектерді суару үшін пайдалануға мүмкіндік береді. Бастапқы кезеңде КОС-2-нің тазарту қондырғысы жалпы қуаты тәулігіне 16 мың текше метр болады, одан әрі 40 мың текше метрге дейін артады.
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ