Жаңаөзендегі көпбейінді аурухана жанынан 3 қабатты терапия бөлімінің іргетасы қаланды. Бұл туралы Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникация орталығы хабарлайды.
«Терапия бөлімінің құрылысын салу үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен Денсаулық сақтау министрлігіне хат жолдадық. Бүгінгі күні Жаңаөзендегі халық санының өсуіне байланысты биыл 3 қабатты ғимараттың құрылысы басталады. Енді терапия, кардиология, неврология, гинекология бөлімшелерінен құралған кең көлемдегі орталық бір жерге орналастырылады», - деді Жаңаөзен қалалық көпбейінді аурухана басшысы Серік Асқаров.
Сондай-ақ өткен жылы көпбейінді аурухана жанынан кардиоорталық өз жұмысын бастады. Медициналық құрал-жабдықпен толық қамтылған орталықта коронарография, ми тамырларын стендтеу, жатыр мойынының эмбализациясы секілді 500 түрлі ота жасалды. Алдағы уақытта отаның жаңа түрлерін енгізу жоспарланып жатыр.
«Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаласынан келген дәрігерлер, жаңаөзендіктерге отаны тегін жасайды. Жоспарлы емдеуге жатқызу порталы арқылы барлық аудандар, қалалар, облыстар жіберуге мүмкіндік бар» - С.Асқаров.
Былтыр Жаңаөзенде полимеразды тізбекті реакция анықтайтын зертхана ашылды. Біліктілігін арттыру курсынан өткен мамандар, күніне 200-ге жуық зерттеулерді анықтайды. Мұндағы 5 қызметкер осы күнге дейін 3 мыңдай тұрғынға қызмет көрсеткен. Тест қорытындысы 3 сағатта дайын болады.
«Айта кету керек, қауіпті індет кезінде жаңаөзендіктер ПТР-тест тапсыру үшін Ақтау қаласына барды. Аймақ әкімдігі және демеушілердің қолдауымен қалалық аурухана іргесінен ашылған зертхана жаңаөзендіктерге қызмет көрсетіп жатыр. «ӨзенМұнайГаз» АҚ қолдауымен барлық жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ПЦР анықтайтын құрал-жабдықпен толықтай жабдықталды», - деді ол.
Бұдан бөлек мемлекеттік-жеке серіктестік жобасы аясында 2018 жылы сәуір айында гемодиализ орталығы ашылды. Орталық созылмалы бүйрек жетіспеушілігінің бесінші сатысындағы науқастарға қызмет етеді. Орталықта 7 гемодиализ аппараты бар. 2018 жылы 15, 2019 жылы 19, 2020 жылы 21, жыл бассынан бері 25 науқас ем алды. Қазіргі таңда орталықта жоғарғы санатты 3 дәрігер, 3 медбике, 1 жүргізуші жұмыс істейді.
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН