Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен «Каспий» ӘКК арқылы мал азығының 500 тонна қоры жасақталған. Қазір 235 тоннасы Жаңаөзен қаласы, Қарақия, Маңғыстау мен Түпқараған ауданына жеткізілді. Сондай-ақ, қосымша 350 тонна алдағы күндері жеткізіледі деп жоспарланған. Бұл туралы Маңғыстау облысының Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бақтыбай Ізімтаев мәлім етті.
Оның айтуынша, мал азығының бағасы 68 теңге. Жыл соңында болатын мәслихат сессиясынан қосымша жемнің қорын жасақтау үшін тағы 54 млн теңге қарастырылады.
«Биыл жердің қолайсыз, шабындыққа жарамсыздығына байланысты барлық көлемде шөптің көлемі – 34 971 тонна. Жергілікті 22 шөп шабу бригадасы еңбегінің арқасында жайылымдықтан 7 770 тонна шөп шабылған. Қалған 27 201 тонна шөп өзге облыстардан тасымалданды. Өзге облыстардан және өз өңірімізде дайындалған жемнің көлемі барлығы – 32 359 тоннаны құрады. Бүгінгі күні, шаруашылық қоймасы мен тиісті қорларда 10 723 тонна жем сақтаулы. Облыста жем қоры жеткілікті және қолжетімді бағада сатылуда»,- деді Бақтыбай Ізімтаев.