Ақтауда көлік тізгіндегендер сұйытылған газ үшін тағы да сағаттап кезек күтіп жүр. Олар тіпті, кешкі уақытта көгілдір отынды табу қиын екенін айтады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Сонымен қоса газ бағасы өңірде жиі өзгеріп тұратынына қала тұрғындарының көңілі толмайды. Жүргізушілер бұл мәселені шешуді құзырлы органдардан сұрап отыр.
Газ өзімізден шығып жатыр. Неге мынандай мәселе болып жатыр? Түсінбейміз. Бір жерде 40 минуттай болды тұрғанымызға. Шаруамыз жайына қалды . Жұмыстың уақытында келіп газ алмаса, Ақтауда кешке газ жоқ, - дейді Ақтау қаласының тұрғыны Сабырбек.
Күнде кезекте бір жарым сағат тұрамын. Басқа жердің бәрінде осындай кезек көп, - дейді Ақтау қаласының тұрғыны Аслан Доғдырбеков.
Маңғыстау облысы газдың үстінде отырса да осы түсініксіз мәселенің шешілмегеніне бірнеше айдың жүзі болды. Ал бұл тұрақты қайталанатын жағдай екенін ескеру керек. Облыстық энергетика басқармасы өткен айда сұйытылған газ көлемін ұлғайту үшін «көрші облыстардан әкелеміз» деп уәде берген еді. Десе де бұл айда біраз бекет көгілдір отынның жоқтығынан жабық тұр.
Біз енді өңірдің газға қажеттілігін шешу үшін уақытында қосымша газды Атыраудан, Ақтөбеден алатын боламыз. Әрине бағасына байланысты мәселелер туындайды. Оны күнделікті қадағалау орындарымен бірлесе отырып шешуге дайынбыз, - деді МО әкімі Серікбай Трұмов 23 қараша күні орталық коммуникация қызметінде өткен брифингте.
Облыс әкімінің айтуынша, Жаңаөзендегі «Қазақ газ өңдеу» зауыты 14 500 тонна газ өндіреді. Ал облыс тұрғындарының қажеттілігі үшін 17 000-18 000 тонна көгілдір отын қажет екен.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ