Маңғыстаулық ақын Ғ.Әріптің «Алтын Орда – Қазақ Елі» атты жазбасы – Ұлы даланың бір құнды қазбасы екені даусыз. Әуелі автор туралы айтайық. Мен Ғалымды жас кезінен, әп деп поэзияға қадам жасай бастаған кезінен білемін. Оның алғашқы қарлығаш өлеңдері аудандық, облыстық газеттерде, тіпті кейде республикалық баспасөз беттерінде жылт беріп көріне бастағанда болашағынан үлкен үміт күттірген талапкер екенін сезгенмін. Оның «Қазақ тілі – қанатым», «Жер мен ел», «Рух», «Сүйінқара серті», «Қазақ болу», «Қазақ қандай халық?», «Перзенттік парыз», «Адамзатты ізгілендіру», «Түбі бір түркі жұрты», «Ұлы дала ұлағаты», «Қазақ – менің ұраным!»,«Лондон лирикалары», «Бибігүл», «Жаһандану жайлы жыр», «Цунами немесе адамзатқа ескерту», «Ақын арманы(азабы)», «Ақырзаман», т.б. толып жатқан толғау, поэма, дастан, балладалары, прозалық, драмалық, публицистикалық шығармаларымен зерделі суреткер, ұлт қамын жеген озық ойлы азамат ретінде танылды.
Оның тағы да бірден-бір көрінісі – жуырда облыстық «Маңғыстау» газетінің кезекті сандарында 4 айқарма, яғни 8 бетке үзіндісі жарияланған «Алтын Орда – Қазақ Елі» атты толымды туындысы.
Бұған дейін бұрын қазақтарда мемлекет болмаған деп жүрген сандырақтарға тойтарыс беріліп, Қазақ хандығының 550 жылдығы дәлелденген-ді. Оны дүркіретіп тойладық, оған бүкіл түркілер, жалпы достас, ынтымақшыл елдер қол соқты.
Әрине, қазақ халқының түп-тамыр-тұқияны тым әріде жатыр. Түрлі себептермен көмескіленген ақтаңдақтар беттері ашылып, сақтар, ғұндар, көктүріктер дәуіріне де біртіндеп қадам басып келеміз. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев осы ретте Алтын Орда тарихына үлкен мән берді және оның 750 жылдығын атап өтуді ұсынды. Міне, дәл осы тұста «құланның қасуына мылтықтың басуы» дегендей, Ғалым Әріптің «Алтын Орда – Қазақ елі» шығармасы дөп келіп тұр. Елдіктің, ерліктің жырын ойшыл ақын былайша толғайды:
Заманды еске алайық бұрынғы өткен,
Ерлерді «Елім!!!»
деумен ғұмыры өткен.
Уысынан шығармай кең даланы,
Ерліктің ерен күйін дүбірлеткен,
Елдіктің шаңырағын тұғырлы еткен,
Рухы бабалардың мәңгі жаса,
Ұлтының жүрегіне ұрық сепкен!
Қаламгердің күні бүгінге дейін әлем зерттеушілерінің назарынан түспей келе жатқан әйгілі қолбасшы Шыңғыс хан және оның ұрпақтары, бұрынғы Тұран, қазіргі Қазақстан аймағында құрылған Алтын Орда мемлекетінің қанатын кеңге жайған дәуірі мен алауыздықтың кесірінен күйреуі тәрізді аса күрделі де күрмеулі, дау-дамайлы тақырыпқа батыл барып, батырлық дастанды дүниеге әкелуі бір таңғалдырса, әдемі шағын поэма іспетті толғаумен басталатын дүниенің бүкіл шығыс әдебиеті мен шежірелерінен тірнектеп терген сансыз анықтамалар мен түсініктемелерін оқығанда тағы таңғаласыз. Яғни ақынның поэзия майталманы болғаны өз алдына, нешебір көне еңбектердегі дәйектерге сүйеніп, жалпыға, туған халқына жария еткен танымдық деректері арқылы тарихтың да таңдаулы, талғамды шебер шежірешісі екеніне де көз жеткіземіз.
«Алтын Орда...» – елім деп емірене, шалқи тебіренген отаншыл жүректің, тынымсыз ізденістің, жанкешті тер төккен орасан еңбектің нәтижесі. Жалпы, автордың аталған шығармасының поэтикалық көркемдік көкжиегі өз алдына, рухы мықты ұлағатты ұлт, ұғынықты ұрпақ тәрбиелеудегі патриоттық маңызы айрықша. Бұл шығарма – оқырманның көкірегіне ұлттық мақтаныш ұялатып, жастарға теңдесі жоқ рухани тәлім-тәрбие беретін туынды.
Шыңғыс хан қаншама елдер мен мемлекеттерді тізе бүктіріп, бас идірді, бірақ әділеттің ақ жолынан таймаған, оның жауынгерлік туының түсі ақ болған. Ол жаулап алған елдердің тілі мен дәстүрі, мәдениеті мен іліміне, дүниетанымына қиянат жасауға заң арқылы жол бермеген, қатыгез болса да, иманды, ұлы реформатор. Ғалымдарды, ойшылдарды, талант иелерін қадірлеп, жиһанкездерге дейін төрге шығарған. Көк Тәңірге сиынып, арғы ата-бабаларынан тамыр тартып келе жатқан түркілік сананы өте қастерлеген. 1227 жылы ауырып қиналған тұсында елі – қара жұрты – ұлан-ұрпағына мирас етіп тағылымды өнеге-өсиет қалдырған. Оның бұл өсиеттері арғы тегі түркі дүниесінен бастау алатын қазақтардың ой-пайымы, салт-дәстүрі мен мәдениетімен сайма-сай келеді. Оның үстіне Шыңғыс хан әулетінің кенжесі Отшігінді қарашаңырақ иесі деп құрметтеуін үлгі ете отырып, атам Қазақтың Ұлы даласында бұл дәстүрдің бүгін және ертең де сақталуы қажеттігін, алмағайып заман туса, басымыз бір болуы үшін ерекше ескерер тұстарды ақын бұлтартпас дәлелдер, арқа қоздырар жасындай жыр жолдары арқылы өрнектейді. Өйткені қарашаңырақ қасиетті, ол елдік ар мен намысты ешқашан бермеуге тиіс.
Әрине, әдеби шығармада оның көсемдігі мен кісілігі, жауынгерлік шеберлігі мен ақыл-ой тереңдігі, біртұтас Моңғол(Түркі) мемлекетін құрып, түркі даңқын асқақтатудағы сіңірген қаһармандық қажыр-қайраты толық ашылмаса да, зерделі оқырман Шыңғыс ханның қай жағынан болсын данышпан да дара туған ерекше қабілет иесі екендігін бағамдайды. Бұған дейін де көптеген поэма мен эпикалық толғау жазған қарымды қаламгер Ғалым ініміз, міне, түйткілді тақырыпқа тайсалмай түрен салып, өзінің де көп оқып, тоқып, тарихты таразылауға барынша күш салып жүргенін, ізденісі мен шабыт қуатының мол екендігін айқын аңғартты. Дастанда тәуелсіз еліміздің бүгінгі хал-ахуалына да жіті назар аударылып, саяси және философиялық пайымдар жасалады. Арқалы ақын баяғы Бұхар жырау тәрізді ел Президентіне өзіндік ой-толғамдарын ұсынады.
Қасым аға, жарайсыз,
Қасқайып тұрып сөйлейсіз.
Тектілерден тарайсыз,
Тексіздерге ермейсіз.
Әл-Фарабиді оятып,
Қияға құлаш сермейсіз.
Шыңғыс ханды оятып,
Бату хандай ерлейсіз!
Ұлы Абайды сайратып,
Адам жанын емдейсіз..
Айдамаққа көнбейсіз,
Қазақстан – дербес ел.
Бөгде жұртқа сенбейсіз,
Елшісіз де елдесер.
Қазақ мұңын мұңдадың,
Елдік парыз өтеліп.
Ел рухын шыңдадың,
Қазақ туын көтеріп! –
деп халыққа жасалған жағымды істерге қолдау білдіреді.
Ғалым КазГУ-дің журналистика факультетін бітірген соң, Алматыда «Жалын» баспасында редакторлық қызмет еткен. Облыстық «Маңғыстау» газетінің бас редакторы әрі Қазақстан Жазушылар одағы Маңғыстау облыстық филиалының директоры. «Жүрегімнің толқындары», «Асау жүрек», «Дүрия-дүние», «Асылдың сынығы», «Каспий трагедиясы», «Гармония», «Жұлдыз-ғұмыр», «Рух жанартауы», «Ақын арманы»(азабы), «Төрт толғау», «Томирис», «Қасиетті парыз», «Өмірді өлшеймін мен өз бағаммен», «Алматы ғазалдары», «Дыбыстар дірілі» атты кітаптардың және «Таңдамалы» 6 томдықтың авторы.
Ғалым Бисембіұлы – Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған республикалық конкурстың жүлдегері, Түркияның ғылыми және әдеби шығармалар иелері кәсіби ассоциациясының Алғыс хатымен, Маңғыстау облысы әкімі мен облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасымен, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Тәуелсіздігіміздің 10 жылдығы және 25 жылдығы құрметіне мерекелік медальдармен, Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, Ақпарат саласының үздігі, Қазақстанның Құрметті журналисі, Ақтау қаласының Құрметті азаматы.
Сержан ШАКРАТ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Маңғыстау облысының құрметті азаматы,
«Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері