Өткен жылғы қазан айында жеке кәсіпкер Айнұр Қилыбаева тігін цехын ашқан болатын. Он саусағынан өнер тамған Айнұр өзі оқытып, киім тігудің қыры мен сырын үйреткен қыз-келіншектерді осы цехқа жұмысқа қабылдады. Осындағы тігіншілердің бірқатары мүмкіндігі шектеулі болса, кейбірі көп балалы және жалғыз басты аналар.
- «Харекет-Жақсылық жаса» қоғамдық қорының төрайымы Дина Сырғабаева бізге цех бөлмесін тегін берді, - дейді Айнұр. - Мата жағынан да көмектесіп отыр. Дина ханымның қамқорлығының арқасында медициналық маска тіге бастадық. Біздің өнімдерімізді Ішкі істер департаменті алып отыр. Сондай-ақ күніне дәріханаларға 1000 маска өткіземіз.
Он бес қыз-келіншекке жұмыс тауып беріп отырған Айнұр қазіргі таңда аса қажет болып тұрған өнімді өндіріп, халықтың қажетін өтеп отыр. Әлемге қатер болып төнген індетті ауыздықтап, адамдар маскасын шешетін ертеңгі күні бұл тігіншілер басқа қырынан көрінері белгілі. Әзірше шеберлердің біразы елдегі жағдайға байланысты үйлерінде жұмыс жасап отыр. Ал жұмысқа толыққанды шыққан кезде цехта тігін машинкасы жеткіліксіз. Осы орайда қол ұшын берер жандар табылса, бұл мәселе де шешіліп, ел экономикасына үлес қоссақ, дейді тігіншілер.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА