ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша бас имамы Әнуар Елжанов жұмыс барысымен Жаңаөзен қаласына барып, ондағы мешіттердің жай-күйімен танысты. Бұл туралы mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облыстық Бекет ата мешітінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Имамдар мен мешіт қызметкерлері қатысқан жиында бүгінгі мәселелерді көріп,алдағы жоспарлармен танысқан Әнуар Ізімбайұлы елдегі соңғы жағдайларға байланысты сақтық шараларын күшейтуді тапсырды.
Сондай-ақ, жиналғандарға бірқатар кадрлық ауыс-түйістің орын алғанын айтып, тағайындаулармен таныстырды.
Жаңаөзен қалалық Әбіш қожа мешіті енді Жаңаөзен қалалық орталық мешіті болып танылып, Құрбанбек Абдалиев Жаңаөзен қаласының бас имамы болып тағайындалды.
Қаладағы ескі мешіттің имамы қызметіне Мырза Мұхаммедюсупұлы кіріссе, Теңге ауылдық Қосай мешітінің имамы болып Нұрмұхамед Бахрамұлы қызмет атқармақ.