Бүгін «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің үшінші кезеңі аяқталды. Маңғыстаулық шабандоздар екінші болып мәре сызығына жетті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Шабандоздар таңғы 7.00-де Ақмола облысындағы Бытығай кесенесінен Қарағанды облысындағы Үшсартқа аттанды. Жорық бағдарламасына сәйкес командалар марафон-бәйгенің тағы 100 шақырымын бағындырды. Осылайша, шабандоздар үш күн ішінде жалпы 250 шақырым жолды жүріп өтті.
Үшінші кезең қорытындысы бойынша Жамбыл облысының «Әулиеата» командасы жеңімпаз атанды. Ал екінші кезеңнің жеңімпазы болған Маңғыстау облысының шабандоздары мәре сызығына екінші болып жетсе, Жетісу облысының командасы үштікке ілікті.
Айта кетейік, БҚО командасы үшінші кезеңге қатысудан өз еркімен бас тартты. Кеше СҚО командасы жарыс жолынан шығып қалған болатын. Енді ертең жорықтың төртінші кезеңін 17 команда жалғастырады.