Бүгін, 17 тамызда Жаңаөзенде "Мөлдір мұнай сервис" ЖШС басшылығы мен осы кәсіпорынның ереуілге шыққан бұрынғы қызметкерлері жұмыс беруші ұсынған шарттармен келісімге келіп, тиісті хаттамаға қол қойылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Baigenews-ке сілтеме жасап.
Baigenews хабарлағандай, бұрын қызметкерлерге "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясының кен орындарының бірінде еңбекақы төлеу шарттарын сақтаумен және ішінара жақсартумен мердігерлік жұмыстарды орындау ұсынылған. Алайда, бұл ұсыныс қабылданбай, бірнеше жаңа талап қойылған. Соның ішінде "Ұңғымаларды физикалық жою" жұмыс түріне тарифтерді көтеру, сервистік жұмыстарға ауыстыру және "Өзенмұнайгаз" АҚ-да жұмысқа орналасу кезегін жылжытып, жалақыны екі есе арттыру талаптары айтылған.
Жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде компания басшылығы қызметкерлерге олар қойған талаптардың ешқайсысы мүмкін еместігін түсіндірді. Осыған байланысты наразылық білдірген ММС қызметкерлері компанияның штатына оралып, "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясының кен орнында мердігерлік жұмыстарды орындауға кіріспек.