Ақтау қалалық әкімдігінің ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің тапсырысымен, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ қолдауымен «Отбасы институтын нығайту» бағыты бойынша әлеуметтік жобасын іске асырушы «Бала жолы» қоғамдық қоры биыл бірнеше іс-шара ұйымдастырады. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен баспасөз мәслихатында қордың директоры Таңат Жолдыбаев айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жобаның мақсаты - Ақтау қаласында отбасы институтын нығайту және отбасылық мәселелердің алдын алуға бағытталған іс-шараларға кемінде 1000 адамды тарту. Жобаның тақырыбы - «Отбасы институты – тұлға мен қоғам арасындағы маңызды байланыс».
Ал негізгі нысаналы топтар құрамында Маңғыстау облысының тұрғындары, білім ордалары, әкелер кеңесі, аналар кеңесі, әйелдер ісі және отбасылық демографиялық саясат, балалар құқығын қорғау комиссиялары, мемлекеттік мекемелер, көпбалалы отбасылар, осал топқа жатқызылатын аналар, жастар, жасөспірімдер, колледж, университет студенттері, мектеп оқушылары, жобаны қолдаушылар, серіктестер, мемлекеттік органдар және еріктілер мен әлеуметтік желі қолданушылары бар.
Сондай-ақ, спикер аталған жобаны жүзеге асыру үшін қоғамдық қордың міндеттерін атап өтті.
Бірінші міндет — Ақтау қаласында қоғамдағы әкелер рөлін нығайту, әке мен баланың қарым-қатынасын жетілдіруге бағытталған ақпараттық жиын өткізу.
- 2023 жылдан бастап елімізде «Әкелер күні» тойланып келеді. Осы орайда аталған жобаны іске асыру үшін қоғам мен жанұяның өзара байланысын нығайту, отбасы құндылықтарын насихаттау, сенім мен сыйластыққа негізделген қарым-қатынас қалыптастыру, ұрпақ тәрбиесіндегі әке рөлі мен оның маңызын, беделін айқындауды мақсат ететін форум ұйымдастыру жоспарланып отыр. Форум «Әкелер күні» қарсаңында 12 маусымда өтеді. Іс-шараға танымал тұлғалар атсалысады, ұрпақ тәрбиесінде әке тағылымы, ана қамқорлығы аса маңызды екенін баршаға ұғындыруды көздейді. Әке жауапкершілігі жөнінде әңгіме өрбіп, ел болашағынан үміт күтер жасөспірімдердің алдындағы әкелік парызын адал өтеу жөнінде пікір алмасады, - деді Таңат Жолдыбаев.
Сондай-ақ Ақтау қаласы бойынша кемінде 300 әлеуметтік осал топқа жататын аналардың қатысуымен республикаға танымал сарапшыларды тарта отырып кемінде екі кездесу ұйымдастыру көзделген.
- Қазақстандағы осал отбасылар санатына бірінші кезекте көп балалы отбасыларды, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды жатқызуға болады. Жоба аясында осал топтағы аналармен кездесуге елге белгілі сарапшы-мамандарды тартып, қалалық деңгейде ауқымды іс-шара ұйымдастыру көзделеді. Бұл ретте серіктесіміз қалалық «Жанұя» отбасын қолдау орталығымен бірлесіп, осы санаттағы келіншектер, әйелдер тартылады деп жоспарланып отыр. Іс-шара шілде айына жоспарланған, - деді спикер.
Үшінші міндет тұрмыстық немесе физикалық зорлық-зомбылық көрген 50 әйелдің құқықтық және қаржылық, менталды сауаттылығын арттыру мақсатында ауқымды 2 оффлайн оқу іс-шарасын өткізу. Бұл жоба тамыз айында өтеді.
Төртінші міндет бойынша Ақтау қаласының жасөспірімдері мен жастары арасындағы әлеуметтік жағымсыз құбылыстардың (нашақорлық пен ойынқұмарлық, ерте жүктілік, суицид) алдын алуға бағытталған республикалық, халықаралық олимпиада, спорттық шаралардың жеңімпаздарын (оқушыларды) тарта отырып 2 ірі іс-шара ұйымдастыру.
Соңғы бесінші міндет аясында қала әйелдерін өз ісін ашуға ынталандыруға бағытталған кемінде 50 адамның қатысуымен кемінде 4 бағытта (мысалы, кондитер, шаштараз, тігін, бет әрлеу) шеберлік сағаты өткізіледі.