© фото orda.kz
АҚШ-тың Лейк-Плэсид қаласында өтіп жатқан Универсиада ойындарында биатлоннан 15 шақырымдық сында төрт отандасымыз сынға түсті. Олардың қатарында Александр Мухин, Вадим Куралес, Кирилл Бауэр және Бекентай Тұрлыбеков бар, деп хабарлайды mangystaumedia.kz ORDA.kz-ке сілтеме жасап.
Мәреден бірінші болып Вадим Куралес өтті. Оның нәтижесі - 42 минут, 37,4 секунд. Бұл көрсеткіш Қазақстан құрамасының қоржына бір алтын медаль әкелді. Тұғырдың екінші сатысына норвегиялық Эрян Мосенг тұрақтады. Ол отандасымыздан 42,6 секунд кейін келді. Үшінші орын франциялық Аксель Гарниерге бұйырды. Ол Вадим Куралестен 1 минут 16,5 секунд қалып келді.
Сондай-ақ, аталған сында тағы бір қазақстандық биатлон шебері Александр Мухин мәре сызығын алтыншы болып қиды.