© gov.kz
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – этникалық спорт түрлерінен өткізілетін халықаралық спорт жарыстары. Жарыстар Орталық Азияның тарихи көшпелі халықтарының ұлттық ойындарына негізделген. Бұл туралы баспасөз мәслихатында Маңғыстау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының жоғарғы спорт шеберлігі бөлімінің басшысы Рыскүл Түгелбаева айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Спикердің айтуынша, ДКО адамзат өркениетінің мұрасы ретінде этноспорттық және этномәдени қозғалысты дамытуға бағытталған.
- Аталған жарыста 21 спорт түрі бойынша 110 медаль сарапқа салынады. Оған Қазақстан құрамасының сапында 250 спортшы қатысады. Біздің өңірімізден сол дүбірлі додаға 5 спортшымыз ғана жолдама алды. Қазақ күресінен Нұрдәулет Жарылғапов, белбеу күресінен Маржан Қаналиева, теңге ілуден Саясат Аманқұлов, алыптар сайысынан Ерсейіт Бралин, топ бәйге бойынша Парахат Қалдаманов,- деді Рыскүл Түгелбаева.
Брифинг барысында Маңғыстау облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлнар Базаралиева «Бірлік керуені» жобасы қанша бағытты қамтитынын айтып өтті.
- «Бірлік керуені» жобасы екі бағытты қамтиды: «Аймақтық этноқоныс» және «Аймақтық керуен». V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының негізгі элементі - су. ДКО басталуы қарсаңында Астана қаласында әрбір келушіні қазақ халқының мәдениеті, салт-дәстүрімен таныстыратын Этноауыл ашылады. Этноауылдың мәдени бағдарламасы барлық облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың, соның ішінде Маңғыстау облысының үздік этникалық жобаларынан қалыптасады. Осы мақсатта Этноауыл аумағында Маңғыстау облысына 3 киіз үйден тұратын этноқоныс орналастыру үшін орын қарастырылған. Олар «Туризм», «Салт-дәстүрлер», «Тарих» киіз үйлері. 30 тамыз күні Қазақстан Республикасы Конституциясы күні еліміздің барлық өңірлерінде бір мезгілде жергілікті киелі бұлақтан әсерлі су алу рәсімі өтеді. Маңғыстау өңірінен су алатын жер - Сұлтан-үпі жерасты мешіті және емдік қасиеті бар құдығы болып белгіленді,- деді Гүлнар Базаралиева.
Маңғыстау облысының Ардагерлер кеңесінің төрағасы, Маңғыстауда 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарының елшісі Серікбай Төлетовтың айтуынша, Маңғыстау облысынан этноауыл жобасына барлығы 120 өнерпаз бен 11 қолөнерші қатысады.
- 7-13 қыркүйек күндері күнделікті сағат 11.00-21.00 аралығында Маңғыстау облысының өнерпаздары облыс атынан құрылған киіз үйлерде келген қонақтарға салт-дәстүр туралы қойылым көрсетіп, Маңғыстау музейі жәдігерлері мен туризм саласы мамандары көрме экспонаттарымен таныстырады. Этноауылда құрылған орталық сахнада күн сайын әр облыстан келген өнерпаздар концерт қояды. Маңғыстау облысының өнерпаздары 8 қыркүйек күні Абай, Алматы облыстарымен бірге өнер көрсетеді,- деді Серікбай Төлетов.