Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ жері шетелдіктерге сатылып жатыр деген пікірді өтірік және жалған ақпарат деп мәлімдеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Түркістанда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайда айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Жер – басты байлығымыз. Туыңды тігер тоқымдай жерің болмаса, өз мемлекетің де болмайды. Бабаларымыз бізге ұлан-ғайыр аумақты мирас етті. Оны шашау шығармай сақтап, көркейту – біздің қасиетті борышымыз. Осы орайда «Жеріміз шетелдіктерге сатылып жатыр» деген сөз ара-тұра айтылып жатады. Бұл – жалған ақпарат. Елімізде жерге қатысты түбегейлі шешім әлдеқашан қабылданған. Ол шешім заңмен біржола бекітілген. Түрлі дақпыртқа сеніп, жұртты дүрліктіретін жалған ақпарат таратуды доғару керек. Біз бабалар аманатына әрдайым адал боламыз. Шетелдіктерге қазақтың бір қарыс жерін де, бір уыс топырағын да бермейміз. Оны көздің қарашығындай сақтаймыз», - деді ол.
Мемлекет басшысының айтуынша, шекара маңындағы елді мекендердің ахуалы жердің тұтастығына және еліміздің әл-ауқатына тікелей ықпал етеді.
"Бұл – стратегиялық маңызы бар мәселе.
Өкінішке қарай, шекара шетіндегі кейбір елді мекенде халық саны күрт азайып кетті. Бұған бір кездегі аудандарды біріктіру жөніндегі шешімдер де ықпал еткені сөзсіз. Облыстардың ішкі аумақтық-әкімшілік құрылымында ойланатын тұстар бар. Біз былтыр Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарын құрдық. Бұл шешім аймақтардың дамуына тың серпін берді», - деді Қазақстан Президенті.