15 қыркүйектен бастап Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының 2023 жылғы 29 тамыздағы бұйрығымен бекітілген Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактілері туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда өзге де тәсілмен көмек көрсеткен (көрсететін) адамдарды марапаттау қағидалары қолданысқа енгізіледі, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Параны қорқытып алу фактісін хабарлаған азаматқа төленетін ақшалай төлем мемлекетке келтіруі мүмкін залалдың жалпы сомасына қарай айқындалатын болады.
Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары бойынша әкімшілік іс қозғалған кезде төлем сомасы 30 АЕК құрайды. Қылмыстық іс қозғалса – қылмыстың ауырлығына қарай 40-тан 100 АЕК-ке дейін. Параның немесе келтірілген залалдың сомасы 1000 АЕК-тен асса, біржолғы ақшалай сыйақы сомадан 10% құрайды, бірақ 4000 АЕК-тен аспайды.
Сыбайлас жемқорлық фактісі туралы ескерту үшін немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен кеңес алуға 1424 телефонына қоңырау шалуға болады.