Бұл мәселені Сенаттың жалпы отырысында Парламент Сенатының депутаты Бекбол Орынбасаров көтерді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бекбол Тілеумұратұлы өз сауалында жаңа Заң шеңберінде бизнесті тергеп-тексеру функцияларына талдау жүргізуді сұрады.
Менің сұрағым Ұлттық экономика министрлігіне. Қарастырылып отырған заң бизнеске түсетін жүктемені жеңілдетуге және іскерлік белсенділікті дамытуға бағытталғаны түсінікті.Бірақ сарапшылардың мәліметіне сүйенсек, жалпы мемлекеттік аппараттың құзыретінде бизнесті тергеп-тексеруге бағытталған 600-ден астам функциялар бар екен. Мемлекет бір жағынан бизнеске түрлі мемлекеттік қолдаулар және жеңілдіктер ұсынып отыр. Ал екінші жағынан шамадан тыс тергеп-тексерудің нәтижесінде олардың емін-еркін дамуына кедергі келтіруде десем артық айтпаған болармын. Бізге бизнес өкілдерінің жоқтан бар шығарып тексеріп келеді деген арыз-шағым түсуде.Кейбір салаларда тексерудің жолдары нақты регламенттелмеген соң қолдан арыз-шағымдар ұйымдастырылып, әртүрлі амалдармен бұрмалау фактілері анық екенін ашық айтқанымыз дұрыс. Осыған байланысты бір сұрағым бар, мемлекеттік органдардың барлық тергеп-тексеру функцияларына талдау жүргізіліп, цифрландыру максималды енгізу арқылы нақты айқындау көзделген бе?
Депутаттың бұл сұрағына ҚР Ұттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов жауап берді. Оның айтуынша жаңа Заң бизнесті тексеруді оңтайлатады. Яғни ол үшін арнайы автоматтандырылған жүйе дайындалған.
2018 жылы мемлекеттік бақылауды азайтатын көлемді заң қабылдадық. Сол уақытта бақылау 30 пайызға азайған еді. Сол заңда тағы 4 саланы қысқартып жатырмыз. Бүкіл мемлекеттік аппарат тәуекелдерді басқару жүйесін автоматтандыруды енгізу бойынша өте мұқият жұмыс жүргізді. Яғни, бұл нені білдіреді? Жүйе автоматтандырылған қатаңдықтарға сүйене отырып, тұтынушылар мен азаматтар үшін және экология үшін шынымен қауіп төндіретін бақылау субъектілерін ғана таңдауға арналған. Ал заңға бағынатын кәсіпкерлерге қарсы артық бақылау жүргізілмейді. Бұл жүйе іс жүзінде дайын. Осы Заңның қабылданған соң жүйе қолданысқа енгізіледі. Осылайша, біз тексеруді кем дегенде екі есе азайтамыз. Мараторий енгізілгенге дейін бізде жылына 120 мыңға жуық тексеру болды. Енді автоматтандыру арқылы тексерістер 45-50 мыңға дейін қысқартамыз. Цифрландыру бойынша жұмыс жалғасады, сондықтан бизнес үшін артық ауыртпалық болмайды, - деді Тимур Жақсылықов.